Мирзиёеваның жақтасының көлігіне шабуыл жасалды

Көркем Алдабергенова 01 нояб. 2024 11:12 2123

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтің тұңғыш қызы Саида Мирзиёеваның жақтасы Комилжон Алламжоновтың көлігіне шабуыл жасалды. Бұл елде саяси ахуал тұрақсыз екенін көрсетуі мүмкін, - деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеп. 

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың үлкен қызының саясаттағы серігі Комилжон Алламжонов биыл жазда қысым көріп жүрген адамдай көрінген.

Ол шілдеде өткен ұлттық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистерге арналған брифингте Өзбекстанның ақпарат кеңістігінде "жалған ақпарат пен дезинформация көбейгенін" сынады.

Оған дейін бірнеше апта бойы көпшіліктің алдына шықпаған Алламжонов ойын ашып түсіндірмеді. Бірақ ол кезде Алламжоновтың қайда жүргені және саяси болашағы туралы қауесет күшейген еді.

Желіде Алламжонов елден қашып кетті, қылмыстық қудалауда жүр екен деген сыбыс тарады.

Бірақ Алламжонов президент әкімшілігі ақпараттық саясат департаментінің басшысы қызметін жалғастырып келгені белгілі болды. Ол бұл лауазымды қыркүйектің соңына дейін атқарды.

Алламжонов отставкаға кететіні жайлы мәлімдемесін президенттің қызы әрі көмекшісі Саида Мирзияевамен бірге жасады. Саида оған барынша ашық қолдау көрсетті.

Мирзияевтың үлкен қызы Алламжоновқа "президенттің тапсырмаларын жауапкершілікпен орындап, мемлекет пен қоғам үшін маңызды жобаларды жүзеге асырып, баспасөз бен білім жүйесін жақсартуда тамаша нәтиже көрсеткені үшін" алғыс білдірді.

Бір айға жетпей Алламжоновқа шабуыл жасалып, Өзбекстан "қастандық жасау" бабымен іс қозғады.

40 жастағы Алламжонов пен ол мінген Range Rover көлігінің жүргізушісі 26 қазанда жасалған қастандықтан аман қалған. Полицияның дерегінше, қастандық жасаушылар көлікке бірнеше мәрте оқ атқан.

Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталған.

Өзбекстан астанасы Ташкентте жол үстіндегі атыс – қалыпты жағдай емес. Оның үстіне, танымал саясаткердің көлігіне оқ ату – ілуде бір кездесетін құбылыс. Осыған орай, халық арасында "Қастандықтың артында кімдер тұр?", "Мирзияев отбасы басқаратын режим үшін бұл нені білдіреді?" деген сұрақ көбейді.


Рекомендовать
Последние новости