Министр Шәріпханов, жұмыстан шаршасаңыз, айтыңыз - президент Тоқаев

Dalanews 25 янв. 2024 09:47 12379

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, төтенше жағдай қызметіндегі түйткілді мәселелерге тоқталды. Тоқаевтың назарына іліккендердің бірі - төтенше жағдайлар министрі Шәріпханов, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін айтты. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу жағдайын тіркеген. Оның көбі - төмен балдық жер сілкінісі.

"Бірақ, ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. ...Жұмысты дереу қолға алу керек", – деді Президент.

Тоқаев жер сілкінісі кезінде дабыл қосылмағаны дұрыс болғанын айтты.

"Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді.


Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты. Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы министр Сырым Шәріпхановтың сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын айтып, ашық сынады.

"Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды", - деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының тұрғындарын сабырға шақырды. Дүрбелеңде қауесет пен жалған ақпараттың жетегіне ермеу керек екенін, нағыз алматылықтар мұндай жағдайда өзін қалай ұстайтынын айтты.

Коллаж: Dalanews.kz

Тағы оқыңыз:


https://dalanews.kz/del-qazir/98519-maraldydagy-altyn-ondirisin-aiaqtan-sh

https://dalanews.kz/del-qazir/98476-zhyndykhanaga-zhauypty-pavlodarda-poli

Рекомендовать
Последние новости