Министр Нысанбаев Әлия Назарбаева туралы қате ақпарат айтып, жұртты даурықтырып қойды ма?

Сағыныш Сардарова 12 мар. 2024 12:34 3657

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұған дейін Әлия Назарбаеваға тиесілі компаниямен келісім-шарт тоқтағанын кесіп айтқан болатын. Артынша Астана әкімдігі Әлия Назарбаеваға тиесілі "Clean City NC" қоқыс шығару компаниясымен серіктес ретінде әлі де жұмыс істеп келе жатқаны белгілі болды. Бүгін брифингте министр бұл мәселені анықтау керек екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр Нысанбаев бұл ақпаратты 2023 жылы күзде мәлімдеген еді.

"Менің ақпаратым бойынша, Әлия Назарбаеваның компаниясы бүгінде қоқыс шығарумен айналыспайды", - деді ол Үкіметтегі брифингте.

Ал Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, "Clean City" ҰК-мен бес жыл бұрын жасалған келісім сәуірде аяқталады-мыс.

"Бүгінде компания бүкіл қала бойынша жұмыс істеп тұр. Онымен бес-алты жыл бұрын келісім-шарт жасалған. Биыл сәуірде қаланы бес ауданға бөліп, конкурс жариялаймыз. Себебі тұрғындар саны екі есеге артты. Сәйкесінше қоқыс та көбейген", - деді Қасымбек.

Бүгін Үкіметте Ерлан Нысанбаев Әлия Назарбаеваға қатысы бар компания туралы мәлімдемесіне пікір білдірді.

"Бірден айтқайын, бұл мәселе біздің құзыретімізге жатпайды, ол жергілікті органдардың құзыретінде. Соңғы рет берілген ақпарат туралы менде басқа ақпарат жоқ екенін ғана айта аламын.

Маған Әлия Назарбаеваның бұл компанияға қатысы жоқ екені туралы ақпарат берілді. Мен басқа ештеңе айта алмаймын", - деді Нысанбаев Үкіметте өткен брифингте.

Сонымен қатар, Нысанбаев бұл мәселені "анықтауымыз керек" деп жауап берді.

Айта кетейік, бұған дейін журналист Михаил Козачков телеграм арнасында экс-президент Нұрсұлтан Нарзарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар компания астаналықтардың ақшасын жымқырып жүргенін айтты. Журналистің оқырмандары Астанадағы үйлердің алдында қоқыстар жиналмай жатқанына шағымданған.

"Астанада қоқысты тасумен айналысатын компания жай компания емес. Компания расында Әлия Назарбаевамен байланысты. Бірақ оның қызметі қылмыстық істі тергеуге байланысты ақсаңдап тұр.

2022 жылдың күзінен бері фирма тарифті қымбаттату арқылы астаналықтардың ақшасын жымқырған деген күдікке ілінген. Оның бір жарым жылында сараптама жүріп жатыр. Сол арқылы ақша жымқырылғаны дәлелденуі мүмкін", - деді Козачков.


Рекомендовать
Последние новости