Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) секторы орын алып отырған экономикалық қиыншылықтарға қарамастан қарқынды өсу үстінде. 2025 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде арнайы лицензияға ие 212 МҚҰ жұмыс істейді. Олардың жиынтық активі жарты жыл ішінде 13%-ға өсіп, 1,94 трлн теңгені құрады, ал ақшалай қаражаты 29%-ға өскен. Бұл кезде өзге қаржылық ұйымдарда аталған көрсеткіш, керісінше 21%-ға қысқарған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған есепте, басты өсімді жалпы активтердің 79%-ын құратын шағын несие қамтамасыз еткен, оның өсімі - 13%.
Несие қоржыны 1,74 теңгеге жетті (+13%), онда да шағын несиелердің 20%-ы - уақытылы төленбей жатқандар.
61–90 күнге дейін төлемі кешіктіріліп жатқан займдар 40,8%-ды құрайды. Жалпы уақытынан кешіктірілген қарыз көлемі 295,6 млдр теңгеден 348,3 млрд теңгеге жеткен.
МҚҰ-ның міндеттемелері жарты жылда 14,6%-ға артып, 1,42 трлн теңгені құрады. Оның басым бөлігі (66%) - қарызды қамтамасыз ететін құнды қағаздар бойынша ұйымдар алған займдар.
МҚҰ-лардың меншікті капиталы 7,7%-ға өсіп, 515 млрд теңгені құрады. Әсіресе, қор (89,6%) мен өткен жылдарда бөлініп берілмеген табыстар (65,2%) көзге бірден түседі.
Сектордың табысы 18%-ға өсіп, 411,6 млрд теңгені қамтыды. Онда да сыйақы төлемімен байланысты емесі 24,4%-ға, ал өзге табыстар 69,1%-ға артқан. Шығын да 21,4%-ға өсіп, таза пайда жылдың басындағы деңгей - 49,6 млрд теңге күйінде қалып отыр.
Бұған дейін KMF микроқаржы ұйымы банктік лицензияға ие болғанын жазғанбыз. Жаңа банк "KMF Банк" АҚ атауына ие. Осылайша KMF Қазақстандағы 23-ші банк болды.
Бұған дейін төрт микроқаржы ұйымдары банкке айналуға ниет білдірген болатын: BNK Finance Kazakhstan, "Онлайн ҚазҚаржы" (Solva брендімен), KMF және "Береке". Олардың барлығы қазірдің өзінде ЖШС–дан АҚ-ға өтіп үлгерген. BNK Finance Kazakhstan МҚҰ 2025 жылғы маусымда банк болды.