Маңғыстауда құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметшілер жұмыстан босатылды

Қаракөз Амантай 23 сент. 2025 09:51

Маңғыстау облысында құмар ойын ойнаған екі мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, өңірде мемлекеттік қызметшілердің өз міндетін тиісінше атқармауы жиі байқалады, бұл азаматтардың наразылығын тудырып отыр.

“Бүгінгі дөңгелек үстелде мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін жағдайлар, этикалық нормалардың бұзылуы және қызметшілерге қойылған шектеулердің сақталуы мәселелері қаралды. Өкінішке қарай, облыста екі мемлекеттік қызметшінің құмар ойынға қатысқаны анықталды. Олардың екеуі де теріс себептермен жұмыстан босатылды”, – деді ол.

Сонымен қатар Жұмағұлов өңірде мемлекеттік қызметшілердің есірткі заттарын қолдануына қатысты деректер де тіркелгенін айтты. Осыған байланысты департамент полициямен бірлесіп, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу шараларын күшейтіп жатыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың наурызында Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері құмар ойынға қатысқаны үшін жұмыстан босатылған. Ал қыркүйекте Жаңаөзен қалалық кірістер басқармасының қызметкері тапқан табысын түгелдей бәске тіккені анықталып, қызметінен шеттетілді.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысы полиция департаменті мен облыс әкімдігінің қолдауымен Мұнайлы ауданында есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен үш тұрғын ұсталды. Олардың арасында аудан әкімінің орынбасары мен Атамекен ауылы әкімінің орынбасары бар.


Рекомендовать
Последние новости