Мұрат Қалматаев: "Мәскеуге қарсы келгенім үшін елу жасымда Ауғанстанға айдап жіберді"

Dalanews 18 июн. 2016 11:31 1315

 

Көпшілігіміз генерал-майор, марқұм Мұрат Қалматаевтың Ауған соғысына қатысқанынан хабардармыз. Алайда Желтоқсан көтерілісіне қандай қатысы барын білмейміз. Журналист Серікбол Хасан Мұрат ағаның "Ақ желкен" журналына берген сұхбатынан үзінді ұсыныпты. Қалматаевтың Желтоқсанына көтерілісіне қаншалықты қатысы барын және Кеңесінің өкіметінің оны неге Ауған жеріне жөнелтіп жібергенін осы бір сұхбаттан оқып білуге болады. 

– Желтоқсан көтерілісінде солдаттардың дубинкасына ұрылмасам да, моральдық таяқ жедім. Колбиннің кезіндегі жүйемен, əсіресе, Ішкі Істер министрлігі мен Ұлттық Қауіпсіздік комитетіндегі азаматтардың іс-əрекетімен келіспейтіндігімді айтқаным үшін айыпты болдым.

Мен ол кезде Ішкі Істер министрінің орынбасары, республика бойынша саяси бөлімнің бастығы, милиция генералы болатынмын.

Бастапқыда Желтоқсанда алаңға шыққан жастарды шынымен тəртіп бұзған шығар деп ойлап жүргем. Бірақ тəртіп бұзған адамды жазалаудың да заңды жолы болады.

Ал бұлар жазалаудың дөрекі түрін жасай бастады.
Солдаттар алаңға шыққан жігіттерімізді соққының астына алды, қыздарымыздың шашынан сүйреді. Шешіндіріп тастап, мұзға жатқызып қойды. Басын көтерсе болды, солдаттар дубинкамен ұрып, естерінен тандырып отырды.

Мұндай қатыгездікке шыдай алмаған соң, мен мұны жасаған адамдарға қарсы келдім.

Мəскеуден келген Кеңес Одағы Ішкі Істер министрінің орынбасарымен қарсыластым.

Қазақстан Орталық партия комитетінің екінші хатшысына жолығып: «Мынау не сұмдық, мұны тоқтатпайсыз ба? Фашистер де бұлай істеген жоқ. Бұлар кінəлі болса заңды түрде соттайық. Жазасын сот берсін. Бұл қалай болғаны?» – деп едім, сонда ол: «Сенің оларға жаның ашыса мен саған бір ақыл айтайын», – деді.

Мен бірдеңе айтқалы отыр ма десем, ол: «Үйіңе барып көрпе-жастық əкеп бұлардың астына жайып қой, сонда бұлар жылы жатады», – деді. Əлгіні естігенде партияға деген сенімім бір шайқалып қалды, себебі мен 40 жыл коммунист болған адам едім...

...Желтоқсан көтерілісі кезінде маған жоғары жақтан 400 əскери адамның жараланғанын радиодан хабарлау тапсырылды. Анық-қанығын білейін деп, госпитальға бардым. Барсам шетінен басы-қолы байлаулы əскерилер госпитальға сыймай тұр. Қолым сынды деп байланып алған біреуін жаныма шақырып алдым да: «Мынаны ала тұршы», – деп қаламымды беріп едім, əлгі шап беріп ұстап алды.

Негізі, қолы сынған адамның саусағы істемейді. Сосын бас дəрігерді шақыртып алып: «Бұлардың басы-қолы сынса, рентгенді көрсет», – деп едім, жоқ болып шықты. Сосын əлгі солдаттың қолын шешкіздім. Қолын шешсе, түгі жоқ.
Басым жарылды деген бір орысты шешіндіріп едім, жарылмақ тұрмақ бөріткен болса бұйырмасын.

Ақыры анығына жеткен соң госпитальда жатқан 200 адамды түн ішінде түгел шығартып жібердім.

Сол əрекетім Мəскеудегі адамдардың құлағына жеткен.

Артынша мені сотқа бермек болып, дау-дамай басталды.

Көтеріліс басылғаннан кейін маған Мəскеуден Қазақстанда тұруға болмайды деген шешім шығарып, бір-ақ күннің ішінде Ауғанстанға айдап жіберді.

Ол кезде мен елудемін, тіпті немерем бар болатын. Амалсыз Ауған соғысына кете бардым...


Рекомендовать
Последние новости