Б. Тұрсынбайұлы: Тозған бөкебай, озған үміт

Dalanews 18 июн. 2016 22:24 1154

Тақырыпты басқаша қоюға да болатын еді. Уақытқа іңкәр ақынның тозған бөкебайындай қазақ поэзиясында өткен уақытты бейнелеген не бар екен?.. Өмірде таппаған тоқтамын, шеше алмаған жұмбағын  ақын өлеңнен іздеді. Өмір айтпаған жауабын – ғазалдан тапты. Қанша пенде болса, кемелдікке, я болмаса Абай айтқан толық адам категориясына жетеқабыл болуы үшін  инсанға уақыт керек еді. Ақын сол уақытты аңсады. Уақыттың ішінде тұрып, өткенге өкінді, келер күнге үмітпен қарады. «Жалғыз-ақ тағдыры – пешенесіне» жазылған дәм-тұзынан артық ештеңе бұйырмады бірақ. Ақын оған еш өкінбеді. Тек «қалғанын...» сөз етпеуге бұйырды.

Өмірге ғашық адам – уақытқа ғашық. Өмірді сүйген ақын – уақытты да сүйеді. «Мені де, өлім, әлдиле» деген Мағжан көзқарасында өлімнің өзі – мәңгіліктің сыңары емес пе?! Ендеше Өмірге ынтық жүрек – Өлімге де ынтық. Себебі, жақсы ақынның сөзі ақіретке дейін халыққа қызмет қылады. Сол себепті де Кеңшілік уақытты жырлайды. Өткен уақытын, келер заманын...

«Мен – қарлығаш!
Қайда ұшпадым, қайда қонбадым...».
Кеңшілік.


[caption id="attachment_16720" align="alignright" width="255"]74128_1198813491_________________ Ақын Кеңшілік[/caption]

Ақынның кейінгіге қалған жақсы сөзі ғана – жасампаз. Сөзі – рухы. Оның өмірбаянына көп ешкім қызықпайды. Дұрысын айтсақ, іздемейді. Алдында өлеңдері жатса болды.Қуанышын, өксігін, арманы мен қиялын, махаббаты мен ғадауатын, бәрін-бәрін өсекші-өлеңнің бойына сәндеп шақтаған ақын дидары жырларын құныға оқыған сайын жарқырай бермек. Мейлі қандай ақын болса да, өлеңінен қарап тани тү­се­сіз. Тіпті, нашар болса, өлеңсымақ­та­рын бір-екі қайтара оқып, еш махаббатсыз, салқын ғана кітабының бетін жауып, енді қайтара қашан оқылары белгі­сіз қалпы қоя саласыз. Ондай «ақын­дар» да аз емес.

Өлеңді өз жанын жегідей жеген асыл мұраттар мен аяулы армандарын, мұңы мен сырын, қысқасы, жүрегі сезген әрбір ізгілік пен зұлымдықтың адам өміріне жақсылы-жаманды әсерін жеткізу үшін пайдаланғандар бар. Сонымен қоса, өлеңнің саяси сипатына көбірек мән беріп, қоғамдағы оқиғаларды жырлауға бейімделген ақындар тағы бар. Ежелгі гректердің дебатында кім қаттырақ айғайлап, сөз жемейтін болса, сол жеңе­ді екен. Сол сияқты, биліктің саясатын дабыра декларация мен жалаң плакаттық жырлармен әспеттеген ақындар бір замандарда жеңімпаз болып есептелді. Мүмкін дәл бүгінгі күні де сондай ақын­дар­дың айы оңынан туған шығар... Бірақ соның бәрі уақытша екенін ұмытпаған жақсы. Формация, не билік өзгергенде науқандық дастандар мен жырлардың күлі сол сәтте-ақ бұрқ ете қалады екен. Бұған дәлел қазақ әдебиетінің тарихында аз емес. Қойшы, ғарышкер, шахтер, кенші туралы небір дастандар мен жырлар неге қазір көп оқылмайды. Тіпті, сол дастандарды қазақтың үлкен ақындары жазған. Бірақ олардың лирикалық өлеңдері қалды да, науқандық шығарма­лары парақ бетінде ғана тұрақ тапты. Оларға оқырман жүрегінен орын көп бұйырмады.

Айталық, Кеңшілік Мырзабековтың алғашқы жыр жинағындағы мөлдір өлеңдерін кейінгі жинақтарындағы өлеңдері озып кете алмады. «Боз бие» мен «Анардан» өзге өлеңдері жастардың арасында көп оқылмайтын. Тіпті, жас ақындар ана ақынның, мына жазушы­ның кітабын көтеріп жүрсе де, солардың қолынан Кеңшілік жинағын сирек кездестіретінбіз. Оның нақты себебін айту да қиын. Бірақ қазақтың мықты ақындарының тізімін іздей қалсақ, (ақын­дардың сұхбаттарынан, естелік­тер­ден) солардың арасында міндетті түрде Кеңшілік Мырзабеков деген есім жүрер еді.

Кеңшілік  поэзиясын оқып отырған­да оның лирикалық өлеңдері ерекше әсер етеді. Ақынның он бір-он екі буын­дық өлеңдеріне қарағанда, жеті-сегіз буын­дық өлеңдері ерекше жарқырап, ешбір ақаусыз, шынайы оқылады. Әрбір ақынның өзіне ыңғайлы буыны, ұйқас түрі болады. Сол жағынан алғанда, Кеңшіліктің жеті-сегіз, бес-алты буын­дық өлеңдері нәшіне келген ақынды ап-ай­қын көрсетеді.  Лирикалық өлеңде­рінің дені де осы үлгіде жазылған.

Кеңшіліктің тақырыптық балладалары мен өлеңдерін оқып отырғанда оны мықты ақынның жазғанын бірден танисыз. Бірақ шығарма көңілден шықпайды. Қаныштың, ФЗО-ға кеткен жеңешесінің, Жамбыл мен Мұхтардың, Елу жетінші жылғы жетінші қарашаның  келбеттерін жырлағанда жалпы көпке таныс сезімдерді сәттерде сөз етеді. Оған қарағанда, соғыстан кейінгі жағдай туралы жазған, балалық шағында көрген оқиғаларды балладаға айналдыр­ған шығармалары тартымды. Шынайы. «Өз болмысынан өзге сапаға көшкен» (Гегель) ақынның лирикалық өлеңдері мен балладаларының айырмашылығы әжептәуір. Кеңшілік Мырзабековты көбіне баллада жанрына икемі бар ақын ретінде айтып жататын. Онымен онша келісе қоймаймыз. Кеңшіліктің балладаларынан гөрі лирикалық өлеңдері көркемдік жағынан да, табиғаты жағы­нан да бір бас жоғары тұрғандай. Жаңа айтқанымыздай, ақынның алғашқы балладалары жанды, өміршең. Әубәкір­дің тағдыры туралы жырлағанда көпке ортақ мұңды қозғайды. Бір шаңырақтың тағдыр талайы сөз болатын шығарманың өне бойынан жалпы адамзаттық құнды­лық­тарға бас ұрған ақын жанын көреміз.Төлеутайдың төрт қызын жырлағанда да ақын әр отбасының басында болуы мүмкін жағдайды суреттейді. Ақын ол жағынан алғанда өмірге әлдеқайда жа­қын. Өмірдің өзін жырлай отырып, оның қарапайым көшірмесін алдыңызға қоя салмайды. Содан өзіндік ой түйеді, соны ұсынады. Гончаров: «Егер қаламгер ақыл­мен жұмыс істесе, нәзік әрі бай­қағыш болса, көргенін жүректен өткізіп, қиялымен ұштай алса, образ жасай алды деген сөз. Ал егер таланты кем болса, бол­ғанды болғандай айта салса, ол – тенденция» деген болатын. Қазір біздің прозада осы тенденция бар. Болғанды сол қалпы жеткізу. Өмірдің фотогра­фия­лық көрінісі кімге қызық болсын. Егер ол автордың өз ойымен қатарласып, сізге жаңа ой түюге мүмкіндік бермесе. Осы жағынан алғанда Кеңшілік ойға бай. Бірақ ұйқасқа сараңдығын да мойындауымыз керек.

Соғыстан соң туған буынның белді өкілі ретінде Кеңшілік соғыстан кейінгі қазақ даласының тұрмысын, жесірлердің тағдырын, ауылда майданға бармай қалған еркектердің «мінезін», балалар­дың ауыр балалық шағын соншалықты реалды жазады. Бұл – ақынның көрген  өмірі.

Ақынға кеңестік тақырыпты игеру жағынан қарасаңыз, сөзсіз өскен. Бірақ алғашқы жинағындағы сұлу табиғаты, селкеусіз сезімі, ынтық көңілі, шынайы келбеті азая береді.Тақырыптық жақтан өскенмен, көркемдік тұрғыдан алғашқы қадамдардан аса алмау ақын үшін – жаза. Бұны Кеңшіліктің өзі де жақсы білген сияқты.

«Түсінігім-ай, түсінігім-ай тәуелді,

Әдемі еді ғой алған бағытың әуелгі...», –  деген ақын өлең-дариясының ал­ғашқы бастауын есіне алып тұрған жоқ па екен?! Түйсігі мен түсінігінің арасында өзін іздеген ақын үнемі дамыл таппайды. Бүкіл ақындарға тән, өзіне-өзі қоятын «ақынмын ба?» деген сауалдан да қашпайды.

«Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен,

Бүкіл дүнием мен талай жыл жинаған», – деуінің себебі де – үлкен жауапкер­ші­лік.

Кеңшілік ешқашан өзіне жүктелген ақындық міндеттен, авторлық жауап­кершіліктен қашпайды. Ол – әдебиет заңына келгенде,  өлең  алдында тұрған­да тәртіпті ақын. Бұза жарып, жыр оқыған сәтін, кейінгі мінез жасап алған ініле­ріндей алқам-салқам жүрісін көп жырға қоспайды. Ол үнемі биязы, сыйлы, ұстамды, ұяң қалпы. «Бір бөлмеде» деген өлеңінде Ғабдол Слановпен бір бөлмеде болған оқиға жайлы жазады.

«Бұл бала кім ед, төрлей ғой», –

Дегенде Ғабдол Сланов.

Жырды мен келіп бөлгендей,

Қарадым жерге ұялып.

Тұрып мен сонда есікте,

Кірердей жерге қысылғам.

Аяғын шешпей мешітке

Кеткендей еніп мұсылман.

Кеңшілік Мұқағали ағасы сияқты үлкендердің алдында қатты именеді. «Ғәбеңе», «Әбділдаға» арнаған жырларында Мұқағалидың соншалықты құрметпен, ізетпен жыр жазғанын бай­қасақ, Кеңшілік те сүйікті ақын ағасы сияқты әдептен озбайды. Оған қарағанда Жарасқан досы батылдау. «Бағасы жырыңыздың белгілі ғой, бағасын ба­таңыздың түсірмеңіз» деп Мұқағали ақ таяғы арқасында ойнай ма деп қауіп­тенген ақсақалға, еркелеп болса да тентек мінез көрсетеді.

«Сүйікті ақын ағасы» деп Мұқағали­ды жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Кеңшілік поэзиясында Мұқағалидың әсері анық байқалады. Бұл еліктеуден кейінгі ақынға ұқсамау. Бірақ Кеңшілік бір жола еліктеп кетпейді. Мұқағалидың ақындық қабілетінен гөрі оның өлең­де­ріндегі ырғаққа, тартымды бояуға қатты қызыққан сияқты. Мұқағалиды кім жақсы көрмеді? Һәм кім жек көрмеді? Бірақ Кеңшілік сияқты жақсы ақынның жақсылығынан үйренген және жақсы жыр қалдырған ақын сирек.

Ақынның ішкі жан дүниесі – өлеңде. Өлең – ақынның ешкімге айтпаған сыры. Абайдың: «Өлең, шіркін, өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деуінің себебі осы. Ақын сырын ешкімге айтпайды. Есесіне өлеңі арқы­лы бәріне жария қылады. Дақпырт та, ақын артынан ерген аңыз да сондай сәт­терде пайда болады.Кеңшілік өлеңде­рінде өткенді аңсау бар. Ақынның сыры – осы. Қысқа ғұмыр кешіп, алпыс-жет­піске, тым болмаса елуге толып үлгер­меген ақын өткенді неге сонша аңсады екен? Көп ақындарда жиі кездесетін махаббат туралы өлең де Кеңшілікте салыстырмалы түрде аз. Сабырлы, сал­қын қанды ақынды өлең оқығанда ерек­ше күйге түсетіні туралы естелік­терде көп айтады. Өлеңді Кеңшіліктей ешкім оқымайтын дейді. Лирикалық  өлеңдерін молынан жазып, өзі айтқандай алғашқы әдемі бағытынан таймағанда Кеңші­ліктей өлеңді ешкім жазбас та еді.

Дүние зыр-зыр

Көзден бұлбұл

Дем арасы ұшар ма?

Қағып шылбыр,

Уақыт құрғыр

Келмей ме екен тұсауға?

 

Өткен-кеткен,

Көп селдеткен,

Сарқыла ма сезім-сел?

Көп індеткен,

Көп күнге өткен,

Ал өкпеле, өзің, сен!

 

Өкпеле де,

От денеңе

Сабыр күзет қойып қой.

Көктемеңе

«Кет» деме, тек,

Қоштаса біл, кейітпей.

 

Тауға бас ұр,

Тасқа бас ұр,

Дауысыңды асыр, даурықпа!

Ұлан-асыр,

Ұлы ғасыр,

Ұлысың ғой һәм ұмытпа!

Өлеңнен лирикалық кейіпкердің уақытқа деген қимас көзқарасын бай­қай­мыз. Қимай тұра уақыт ұлылығын мойын­даған Мен бәрібір заманның тұсауын іздейді. Бүкіл өлеңнің алғашқы шумағында ғана қимастық айтылғаны­мен, соңғы шумақтардың бәрінде сабыр айла айтса да, сол сабыр деуі арқылы «амал жоқ, әттең» деген зор өкініш жат­қан­дай. Өлеңдегі лирикалық Менді ақынның өзі деп те түсінуге болмайды.Белгілі дәрежеде өзі араласқанымен, тіршіліктен танып көргені, айналасын­дағы жандардан естіп-білгені бәрі сайып келіп ақынның ішкі Меніне әсер етеді. Соның бәрі лирикалық Меннің сөзі болып, өлеңге айналады. «Уақытты сөкпе, ол – Менмін» деген Тәңір сөзін Кеңшілік білмейді дейсіз бе? Біледі. Білгеннен кейін де, уақытты сөкпейді. Бірақ барлық пенде сияқты қимайды. Бұл өлеңінде Кеңшіліктің тұтас өмірі бар. Махаббаты, сағынышы бар. Бүкіл өмір бір сәтке тоқтап қалып, ақын жанарын лента етіп зыр ағып жатқандағы ақын жүрегінің дүрсілі естіледі. Сол – осы өлең! Дүниеге көзқарас, тіршіліктегі икемділік пен икемсіздік, достық қа­рым-қатынастағы тәртіп пен ыңғай бар. Өлең ырғағы қазақ поэзиясында көп кездессе де, айтылып тұрған ақын сөзі де оған дейін қаншама рет ұлылардың аузымен де, басқалардың зарымен де айтылып жүрсе де Кеңшіліктікі өзінің қолтаңбасымен сұлу өлеңге айналады. Өйткені, бұл өлеңде өмір, сезім бар. Ал се­зім мен өмір бәрінде болғанмен, әр­кім­дікі өзінше – дербес.

Ф. Ницше: «Лириктің образдары – ақынның өзінен басқа ешкім емес, тек бұл оның әрқилы формада объективтенген тұрпаты, сондықтан осынау ұлан-ғайыр әлемнің кіндік-тұтқасы  ретінде ол «Мен» деп сөйлеуге әбден хақылы; бірақ бұл «Мен» эмприкалық реальды Меннің өзіне ұқсамайды, ол – жалпы әр нәрсенің тегінде, негізінде жатқан бірден-бір мәңгілік қасиет, ақиқат – мән ретінде көрінеді» депті. Сол мәңгілік қасиет ақын атаулыға – ортақ. Мырза­бековтың қимас жырла­ры­ның бәрінде уақыт бар. Ол бірде балалық шақ боп, бірде ауылдағы қыр­ман басы боп құбыла береді. Ақын жырларының ақиқат мәні – қимастық.

Түбіт бөкебай

Тартқан ботам-ай,

Өзің ботадай,

Көзің боталай, маған қараушы ең

Мейірім нұрына

Шөлдеп, қаталай...

...Түбіт бөкебай

Тозды түбіті.

Тентек көңілдің

Озды үміті.

Қалды махаббат

Уыты өзекте.

Қалды... қалғанын

Қалқам, сөз етпе.

Ақын көнеді. Уақыт өтті. Қи, қима, бә­рібір.  Көнуге тура келеді. Түбіт бө­кебай – соның айғағы. Ол – бәрінің куәсі. Уақытты мизандаушы. Бөкебайға қарап-ақ ақын өз пайымын, соңғы сөзін айтады. Жаны ауырады. Қалғанын сөз етпеуді өтінеді. Егер ары қарай сөз қоз­ғалса, ақын жаны одан әрі шерге тола түседі. Тозған бөкебай, озған үміт, өткен уақыттың параллель берілуінің өзі – уақытты айқындау. Соның өтпелі еке­нін мойындату, сездіру. Тозған түбі бөке­бай ақын жанының сөзге айналған материалды проекция сияқты. Бәрін дәлел­деуші. Кеңшіліктің лирикалық кейіп­кері – өмірге ғашық. Ал өзі – уақытқа іңкәр. Оның өлеңдерінің көбі осы ойға жетелейді. Ауылдан қалаға ерте кеткен ұлдың өкініші аралас өлеңдерінен әлдеқандай уақытқа деген құрметті, махаббаты, тағы қайталап айтамыз, қи­мастықты анық байқаймыз. Кеңшілік көп ақындар сияқты өзін жоғары баға­ла­майды. Тек соңғы әмірді уақыттан күтеді.

Әке – ақын үшін қасиетті жан. Әке­ден ерте қалған жанның алаңы, кейіннен аяққа тұрған балалардың тәубесі сезіледі. Солардың бәрі ана еңбегінің, ана қажырының фонында. Айтпаса да түсінікті...

Әкем дүние салды.

Артында бір шаңырақ – бір үй қалды.

«Сырқатым бар» деуші еді сыпайылап,

Көзін жұмбай тіріде кім иланды?!

Бұнда да – әкенің зырғып аққан уақыты. Қазақтың ауруға деген қарым-қатынасы бар. Өлең соңында бір қауым ел болғанын айтатын ақын, соның бәрі ананың тілегі екенін риторикалық мәнде жеткізеді. Енді ше? Әке болмаса, ана жеткізбегенде кім жеткізеді?! Бәл­кім, содан кейін де ол жарын қатты құр­мет­тейді.

Біреуді сыйлау, ең алдымен – уақыт­ты сыйлау. Өйткені, ертең өмірден озса, ешкім қайта айналып келмейді. Кең­ші­лік өлеңіндегі лирикалық Меннің уа­қытқа соншалықты байлануының се­бе­бі көп шығар. Жалпы, адам баласы «уақыт­ты құрметте» деп көп айтқанымен, соған қатты мән беріп те жатпайды. Бірақ Кеңшілік бұл мәселеге келгенде ұқыпты.

Уақыт өткен сайын өткен күнді көп ойлайтын ақын, үнемі балалығын сөз етеді. Арнайы кітап та арнады («Балалық шақ балладалары»). Қалай дегенде де өткен күнді аңсау, қимау жиі байқалатын ақын жаны аса сезімтал­дық­тан ба, бір тағат таппайды. Оның еңбексүйгіштігі де, күркіреп өлең оқи­тыны да сол – сезімталдығынан. Уа­қытқа келгенде – ерекше сезімтал.

* * *

Бұлдырап  қалған балалық шақтың елесі,

Түсіме неге көп кіріп кеттің сен, осы?

Түн ұйқым менің бөлінген кейбір кездерде,

Төтеннен келіп – боласың маған төреші.

***

Балалыққа жаутаң-жаутаң қарасаң,

Бейкүнә көз ой салады орасан.

Бетіне оның тура қарай алмайсың,

Кінәң менен күнәңді егер санасаң.

Оның ар соты – балалық шағы. Оның айнасы – балалық туралы өлең­дері. Ертай Ашықбаев мақаласының тақырыбын бекер «Кеңшіліктің  көкте­мі» деп қоймаған шығар. Ақын көктемді де көп жырлайды. Ол да – уақыт. Мезгіл. Егер тоқсаныншы жылы шыққан «Іңкәр дүниесін» қарасаңыз, алғашқы беттері көктем туралы өлеңдерге толы.  Неге көктем? Тіршіліктің басы, табиғаттың сән-салтанатының бастауы болған көктемді сүюі, жырлауы да уақытқа ынтықтықтан емес пе екен.

Кеңшілік тағдырын, болмысын әлдеқандай тылсымға байлап қоюдан аулақпыз. Уақыттың үлкен мәжесімен қарағанда тым беріде өмір сүрген. Ол туралы естелік айтушылардың да көзі тірі. Аңызға да, жырына сенгіміз келеді. Жыры уақытты әлдилейді.

Өлімнің бәрі бірдей ме?

Жо-жо-жоқ, оған қарсымын.

Мен өлсем ертең гүлдейді.

Тамырым менен талшығым.

Ақынның бір рет сенімді айтқан сөзі – осы! Тамыры менен талшығына сенеді. «Күні ертең күллі қазақ оқиды!», «Тірімде бағаланбадым!..» пафосқа толы жалаң сөзден аулақ ақынның соңғы сөзінің бірі. Жазылуы уақыты жағынан емес, лирикалық мазмұн тұрғысынан алсаңыз, жобамен осылай болады.

Кең­шілік Мырзабековтың жүрек зарын шын жүрек қана ұға алмақ. Жырын уақытына сыйдыра алмай кеткен ақынның шығармашылық күші сол қалпында кітаптарында сақталыпты. Оны бір заманның ешкім тең келмеген ақыны деп те айта алмаймыз. Ең соңғы өлеңін Мағжан ақталған кезде оқыпты. Ол да уақытқа тапшы ақын еді.

Көркемдік құпиясын, қаламгер шеберханасын ашу міндет болмаса да, Кеңшілік деген талантты ақынның әле­міне бір еніп көруі еді мақсат. Қазақ өлең­сөзіне өзіндік өрнегімен келген әр ақынды жақыннан тану, шығарма­шыл­ғымен танысу біз үшін мұрат болса керек.

Қалаға ақын болуы үшін келіп, өмір­ден ақын қалпы өткен жанның дидары көз алдыңда тұрады. Шашы толқын­дан­ған ақынның тірі келбетін шырамытуға тырысып біраз әуреге түскеніңмен еш­теңе өнбейді. Бірен-саран сақталған таспаларды ары-бері шегіндіріп, сен ойлаған ақыннан мүлде басқаша жанды көресің. Оның өлеңдерін оқып, сонымен бірге толғанасың. Сырын ұғуға тал­пынып, толық түсіне алмасаң да, тілек­тес, ниеттес болғың келеді. Кейде өз пікіріңді құрбан етіп, ақынның ығына жығылғың кеп тұратыны – автордың шынайылығынан болса керек.

Ал ақынның нағыз соңғы сөзі осы болар! Ешкімге жалтақтамай, соңғы сөз айта алу да – ерлік!  «Шаштым, төгілдім, шайқалдым!»  деп қайта-қайта айтуының өзі зор өкініштің табы сияқты. Кім шашылмады? Кім төгілмеді? Кім шайқал­мады? Бірақ соның бәрі «өмір сүрдім!» дек айта алар ма еді? Ал Кеңшілік жас­қан­бай айтады:

«Шаштым, төгілдім, шайқалдым,

Жастық буы бар «сайтанның»

Уын ұрттадым, уыт қайтардым.

Буы биледі, уын ұрттадым

Шаштым, төгілдім, шайқалдым,

Шаштым, төгілдім, шайқалдым,

Аштым өзімді – айқардым.

Көңіл меселін мың-сан қайтардым,

Мір есебін шештім деп қалай айтармын.

Басып қамшымды, барыммен байқалдым.

Кімде жоқ дейсің өксік-өкініш,

Мүмкін кейіндеу бармақ тістермін,

Мүмкін мен-дағы басты шайқармын.

Шаштым, төгілдім, шайқалдым,

«Өмір сүрдім!» деп айтармын!».

"Қазақ әдебиеті" газеті.


Бағашар Тұрсынбайұлы


Рекомендовать
Последние новости