Мұнайлыда жыл соңында жаңа тұрғын үй массиві пайда болады

Dalanews 21 апр. 2021 09:22 1062

Мұнайлы ауданында жыл соңында жаңа тұрғын үй массиві пайда болады. Бұл туралы Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Орынбасаров мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазір ауданда 174 200-ден астам адам тұрып жатыр. Соның 32637-сі жер учаскесін алу үшін кезекте тұр. Биыл 2907 адамға жер телімі беріледі.

– Аудан халқының саны күн санап артып жатыр. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Маңғыстау облысының оның ішінде Мұнайлы ауданына қандастарымыз көп қоныс аударады. Екіншіден, мұнда туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан тұрғын үй салу үшін жер кезегіне тұратын азаматтар саны да көп, – деді Бақытжан Орынбасаров.


Спикердің мәліметінше, алдымен электр энергия және газ құбыры тартылады. Содан соң кезектегі азаматтарға жер телімі табысталады.

– Жыл соңына таман ауданда пайда болатын жаңа тұрғын үй массиві «Қызылтөбе-3» деп аталады. Оның 751 жер учаскесіне газ құбыры толықтай жүргізілді. Электр желісі қазір жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа бюджеттен 256 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланды. Бұдан бөлек алдағы уақытта Батыр ауылында 656, Дәулет ауылдық округінен 300, Маңғыстау және Баянды ауылдарынан 1200 жер телімі берілмек, – деді Бақытжан Орынбасаров.

Рекомендовать
Последние новости