Мұнайы мол Прорва: "Ембімұнайгаз" жұмысшыларына қандай жағдай жасап отыр?

Dalanews 27 нояб. 2023 13:18 1703

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның дәстүрлі медиа турларының кезекті бірі биыл Атырау өңірінен бөлек, республикалық медиа саласының өкілдерінің де қатысуымен өтті. Облыс орталығындағы бас кеңседен бастау алған тур қаладан 400 шақырым жердегі «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты «Прорва» кен орнында жалғасты.

Бас кеңседе медиа мамандары заманауи визуализация орталығының жұмысымен танысса, «Прорвада» ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы мен «Каспий самалы» вахталық қалашығындағы мұнайшылардың тұрмыс-тіршілігіне ден қойды.

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖҰМЫСТЫ ЖЕҢІЛДЕТІП, ЖОЛ АПАТЫН АЗАЙТТЫ

Ембімұнайгаздың Өндірістік процесті бақылау орталығының екі қабырғасы екі үлкен экранмен жабдықталған. Бірі өндірістік процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесіне негізделсе, екіншісі «Сапарларды басқару» жобасы деп аталады.



Орталықтың өзі Ембімұнайгаздың төрт өндірістік басқармасына қарайтын кен орындарына жедел бақылау және мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қай жерде өндіріс қалай жүзеге асып жатыр, қандай ақау орын алды, жұмысшылар не істеп жатыр – бәрі де диспетчерлердің көз алдында. «Интеллектуалды кен алаңы» аталатын бұл жоба алғаш пилоттық негізде Қызылқоға ауданындағы «Уаз» кен орнында 2016 жылы енгізілген болса, кейін өзге кен алаңдары да жобаға бірінен соң бірі қосыла бастаған. Бұл бір жағынан жұмысшылардың еңбегін жеңілдетсе, екіншіден  ұңғымалардың  жөндеу-аралық кезеңдері арттырылды.

Сол секілді «Сапарларды басқару» жобасы да компанияға қарасты көліктердің қозғалысын тиімді басқаруға, сәйкесінше жол-көлік апаттарының санын азайтуға мүмкіндік береді. Қызметтік қай көлік болмасын, арнайы датчиктермен жабдықталған. Жүргізуші жылдамдық асырса, қауіпсіздік белдігін тақпаса, не өзге де талаптарды бұзған жағдайда дереу орталыққа белгі барады. Жоба қазірдің өзінде тиімділігін беріп отыр. ЕМГ мамандарының дерегінше, жүргізушілердің жылдамдықты арттыру жағдайы 55 пайызға азайса, жанар-жағармай үнемдеу деңгейі 20 пайызды құраған. Бұл – биылғы он айдың дерегі. Дәл осы мерзімде бірде-бір жол-көлік апатының да тіркелмеуі – ерекше жетістік.

Айта кету керек, Өндірістік процесті бақылау орталығының қос жобасы да – өзгелердің көшірмесі емес, Ембімұнайгаздың өзіндік технологиясы. Бұл жоба республикалық «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына енген. Сонымен қатар, 2017 жылы Санкт-Петербургте өткен «Мұнай-газ саласындағы үздік 10 IT жоба» байқауында үздік деп танылған.

АЛПЫС ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ПРОРВА

Ертегідегі Ерназар байдың тоғыз ұлын бір бөлек, Ер Төстігін бір бөлек санайтыны секілді Прорва кен алаңдары тобының Ембімұнайгаздың өндірістік алаңдары арасындағы орны зор. Оған қоса, биыл кен алаңының ашылғанына тұп-тура 60 жыл.



Прорваның неге алаңдар тобы деп аталатынын түсіндіре кетейік, мұнда бір емес, төрт бірдей кен орны бар. Олар – Батыс Прорва, Ақтөбе және Сағидолла Нұржанов пен Досмұхамбетов атындағы кен орындары. Ал енді Прорваның басты ерекшелігін айтсақ, мұнда жанған шырпыдай басы алаулап тұратын мұнай өндіру қондырғылары жоқ. Өңір экологтарын шыр-пыр еткізетін бұл мәселе Прорвада шешімін тапқанына да біраз уақыт болып қалды. Алаулап жанып тұратын ілеспе газ болса, мұнда оны кешенді дайындау қондырғысы іске қосылғалы бері экологиялық мәселе шешімін тапты. Экологиядан бөлек, экономикалық тұрғыда да жоба басымдыққа ие. Санмен дәйектесек,  ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысының жылдық қуаты – 150 миллион текше метрге тең.

«Газды кешенді дайындау процесі толығымен автоматтандырылған және төтенше жағдайлардан бірнеше дәрежелі қорғаныспен қамтылған», – деп қосты компанияның баспасөз мамандары.

Бұл орайда мұнайшылар болашақтың еншісіндегі бір жобаның да шетін шығарып, сүйіншілеп қойды. Айтуынша, «Батыс Прорваның» газ қабатынан 17 миллиард текше метрден астам газ қоры бар. Ендеше, тауарлы газ өндіру жұмысы енді тек қыза түспек.

Айта кетейік, Прорваның мұнайы механикаландырылған және фонтандық әдіспен өндіріледі. Фонтандық әдіспен дегеніміз, оны игеруде қолданылатын түрлі технологияға тереңдемей сөйлесек, мұнайды алу үшін оны жер астынан сорудың еш қажеті жоқ, ол өзі-ақ  атқылап тұр. Бұл мерзімде өндірілген мұнайдың көлемі 44 миллионнан астам. Ал «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы өндіретін мұнайдың жалпы көлемінің 85 пайызы «Прорва» кен орындарына тиесілі.

ЖОСПАРДЫ ОРЫНДАУҒА ЭЛЕКТР ТАПШЫЛЫҒЫ ДА КЕДЕРГІ ЕМЕС

«Ембімұнайгаз» басшылығы медиа саласының өкілдерімен Прорвада мәслихат құрғанымен, журналистер компанияның сан-салалы және өзге аудандардағы қызметі жайлы да сұрап білді. Компанияның Бас директоры Сәбит Арынов пен оның өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Елеусінов компания қызметінің негізгі мәліметтерін таныстырды.



Өндірістік жоспардың орындалуынан бастасақ, биыл «МАЭК» ЖШС-ндегі жылу-электр станциясында болған апаттың себебінен мұнай компанияларына жеткілікті деңгейде электр қуаты берілмегені белгілі еді. Бұл өндірісінің төмендеуіне әкелген. Дегенмен, бұған қарамастан, «Ембімұнайгаз» АҚ биылғы 10 айда мұнай өндіру жоспарын 100,6 пайызға орындады. Бірқатар геологиялық-техникалық іс-шараларды сәтті жүзеге асырудың арқасында қосымша 189 мың тоннадан астам қара алтын өндірілген. Дәл осы критерий бойынша жоспар 147 пайыз орындалған.

Жалпы, компания он айда мұнай өндіруде де, оны тапсыруда да, бұрғылаудан кейін өндіруші ұңғымаларды пайдалануға беруде де, тіпті ұңғымаларды күрделі жөндеуде де жоспарды артығымен орындап келеді. Бұл сөзімізге компания ұсынған көрсеткіштердің мәні дәлел.

Ілкімді істер Ембімұнайгазды Қазақстандағы ірі салық төлеушілердің қатарына қосқалы ондаған жылдардың жүзі. Соңғы кезеңдер цифрларын ғана сөйлетсек, 2020 жылдан бері компания бюджетке 480 млрд теңге салық төлеп, Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға 2,2 млрд теңге жұмсады.

Сондай-ақ, «Ембімұнайгаз» АҚ қоршаған ортаны қорғау шараларына, оның ішінде ластанған жерлерді қалпына келтіруге, қоршаған ортаны жақсарту мен көгалдандыруға бағытталған шараларға қомақты қаржы бөледі. Атап айтқанда, биылғы 10 айда тарихи мұнаймен ластанған 181,69 мың гектар жер қалпына келтіріліп, 2022-2023 жылдар аралығында компания Атырау облысы әкімдігі бөлген 28 гектар жерге 21 900 түп көшетін отырғызған.

«КАСПИЙ САМАЛЫ»: ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ҚАЖЕТТІ ЖАҒДАЙ ТҮГЕЛ ЖАСАЛҒАН

«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов атап өткендей, компанияда 5 мың адам жұмыс істесе, олардан бөлек 5 мыңнан астам мердігерлер бар.



«Компания қызметкерлерінің өмірі – біздің басты құндылығымыз. Олардың  табысты қызметі мен өндірістік мәселелерді оңтайлы шешу – ұжымдағы жағымды ахуалды қалыптастырудың кепілі. Сондықтан біз қауіпсіз еңбек мәдениеті мен озық халықаралық тәжірибені енгізу арқылы өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған орта саласындағы корпоративтік мәдениетті үнемі жетілдіріп отырамыз», – деді компания басшысы.

Ембімұнайгаздың кен алаңдары өңірдің әр бөлігінде, орталық елді мекендерден шалғай орналасқандықтан, өндіріс жұмысшыларының басым бөлігі вахталық әдіспен еңбек етеді. Бұл ретте медиа мамандар прорвалық мұнайшылардың екінші үйі – «Каспий самалы» вахталық қалашығының тұрмыс-тіршілігімен танысып, мұнайшылармен бірге бір түн түнеп те шықты. Жайлы жатын бөлмелер, асхана, медпункт, спорт залдары, демалыс бөлмелері және басқалармен жабдықталған қалашықта жұмысшылардың еңбектен бос уақытын тиімді, қызықты өткізуіне қажеттінің бәрі бар.

Жалпы компанияда әлеуметтік тұрақтылыққа, жұмысшыларды жан-жақты қолдауға айрықша көңіл бөлінеді. Түрлі өмірлік жағдайларға байланысты берілетін материалдық көмек мөлшері ұжымдық шартта айқындалған. Әр жылға жоспар жасалады және оның аясында жұмсалатын қаржының бюджеті бекітіледі.

Жұмысшылардың білім-біліктілігін көтеру үшін қосымша оқуына да жағдай жасалады. Ал колледжде білім алып жатқан жастарды компанияға тарту үшін 2015 жылдан бері дуалды оқу бағдарламасы қолға алынған. Оның аясында компания 5 оқу орнымен жұмыс істесе, осы уақытқа дейін оған 306 адам қатысып, оның ішінде 82 студент «Ембімұнайгаз» компаниясының түрлі кәсіпорындарына жұмысқа қабылданған. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі сол, оның қатысушылары өзі қалаған өзге компанияларға да жұмысқа тұра алады. Мәселен, жоба қатысушыларының біразы Атырау өңіріндегі не одан тыс жерлердегі ірі кәсіпорын, компанияларға жұмысқа қабылданып, еңбек етіп жатқанын атап өтті Сәбит Арынов.



Жалпы, былтыр ғана жүз жылдығын атап өткен Ембімұнайгаздың ҚазМұнайГаз құрылымындағы орны айрықша. Аталған ғасырлық мерзімде 200 миллион тоннаға жуық мұнай өндірген кәсіпорынның әлі де қөп жылдар бойы мұнай бере алатыны жөнінде болжам бар. Бұл – ғасыр жасаған компанияның әлі де ел игілігі жолында қызмет ете беретінінің айғағы.

Рекомендовать
Последние новости