«Мол қаржы, субсидия бөлінуде, бірақ іліп алар жоба жоқ». Әкім шенділерден жұмысты ширатуды талап етті

Dalanews 12 янв. 2023 04:18 936

Түркістан облысында инфрақұрылым тарту, ауыл шаруашылығы, инвестиция, туризм, жұмыспен қамту және өзге де салалар бойынша Жол картасы жасалып, жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс. Халықтың мұң-мұқтажы мен өтініштерін орындау бағытында салғырттыққа жол берілмейді. Осы бағыттағы кемшіліктерді айтқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты орынбасарлары мен барлық аудан, қала әкімдеріне және басқарма басшыларына ескерту жасады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Аудандар мен ауылдарды аралау барысында тұрғындардың өтініштері мен шағымдарының 50 пайызы инфрақұрылым мәселесіне қатысты екенін көрдім.

Сондықтан осы бағытта жұмысты жүйелеп, нақты жоспармен іс атқару керек. Инфрұрылым, газ, кәріз жүйесі, электр мәселелері бойынша тұрақты түрде мәжіліс өткізіп тұрамыз. Барлық жұмыс бақылауда болады.

Екіншіден, инвестициялық штаб құру жөнінде тапсырма бердім. Бұл штабтың да отырысы тұрақты өтіп, жаңа жобаларға қолдау көрсету, инвестиция тарту жұмыстары күшейтілсін. Дұрыс жағдай жасалып, жұмыс жүргізілмесе, ешқандай инвестор келмейді.

Аудандарды ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандандыру, әр аймақта жетекші бағыттарды айқындау жөнінде де тапсырма берілді. Үкіметтен ауыл шаруашылығы бойынша өңірге мол қаржы, субсидия бөлінеді. Орталықтан Түркістан облысына елімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр. Осы бағытта жұмысты күшейтіп, жобалар табуды тапсырдым.


Бірақ әлі күнге дейін бірде-бір іліп аларлық жоба жоқ. Жұмысты күшейтіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте туризм саласын жандандыру, мәдениет саласы бойынша ауқымды жобаларды қолға алу, мәдени ғимараттарға «жан бітіріп», туристер шоғырын арттыру мәселелері де талқыланды.

Сонымен қатар жұмыспен қамту саласына жауапты басшыларға мемлекеттік гранттарды жүйелеп, нақты өндіріс көлемін арттыратын жобаларға бағыттау жөнінде тапсырма берілді. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді тиімді пайдаланып, жұмыс орындарын көбейту, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, жобаларды тиянақты жоспарлау бойынша да тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Облыста жылыжайлар санын арттыру үшін бірнеше ауданнан жер телімдері бөлінеді. Көмір мәселесі де жолға қойылып, жүйеленеді.

Осы және өзге де түйткілдерге тоқталған өңір басшысы жұмысты тиянақты жоспарлау, күрделі мәселелердің алдын алу шараларын күшейту жөнінде де тапсырма берді.

Рекомендовать
Последние новости