Мысырда қаза тапқан әйелдің жақындары қазақстандықтарға үндеу жасады

Сағыныш Сардарова 19 мая 2025 17:19

Мысырда қаза тапқан Ақмарал Мұқанованың жақындары денені елге жеткізуге көмек сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақмарал Мұқанова 17 мамырда қаза тапты. Ол Мысырдағы демалысынан жалғыз ұлымен бірге қайтып келе жатқан. Рейске отырғызатын уақытты күткен кезде әйелге жарнама тақтасы құлап, салдарынан ол көз жұмды.

Марқұмның жақын досы Венера Ысқақова қазақстандықтарға үн қатты. Ол қаза тапқан әйелдің денесін Қазақстанға жеткізуге жәрдем көрсетуді сұрайды. Венера Ысқақованың айтуынша, марқұмның ұлы қазір Мысырда.

"Ақмаралдың денесін Қазақстанға тасымалдауға көмектессеңіздер. Оның ұлы Берік қазір Мысырда жалғыз. Ол небәрі 22 жаста. Ол қандай күйде екенін ешкім білмейді. Ол маған тек "анамнан айырылып қалдым" деп жазды. "Денені 4-5 күннен кейін ғана береді" дейді. Істі Мысыр полициясы тергеп жатыр. Берікке баспана берілді ме, жоқ па оны да білмейміз", - дейді марқұмның құрбысы Венера Ысқақова.

Айта кетейік, марқұм – Қазақстанның ішкі істер органдарының ардагері Ақмарал Мұқанова.

Ақмарал Мұқанова ұзақ жыл бойы полицияда қызмет атқарған, зейнетке шыққаннан кейін Астанада тұрған.


Рекомендовать
Последние новости