"Мықты болса, дебатқа шықсын". Мамай Байбекке жауап қатты

Dalanews 21 апр. 2021 09:03 843

Бұдан бұрын Dalanews.kz “Nur Otan” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің оппозиционер Жанболат Мамайды сотқа бергенін хабарлаған. 

Мамай жемқорлық қылмыстарға қатысы бар деп Байбек туралы видео жариялаған. Байбек өзі туралы әңгіменің бәрін өтірік деп, Мамайдың бұл тірлігі журналистік зерттеуге жатпайтынын мәлімдеген.

Айтуынша Мамай видеоны Uzun Qulaq деген фейк телеграм-каналдың деректеріне сүйеніп әзірлеген. Аталған арна өсек-аяң таратудан өзгені білмейді. Ақпаратты ауадан алып, қауесетті желдей естіреді.

"Елбасы үнемі айтатын былай деп: егер сенің арың таза болса, жала жапқыштарды сотқа бер деп. Біз демократиялық мемлекет құрып келеміз. Әрбір адам өз құқығы, абыройы үшін күресуі тиіс. Мен де осы елдің азаматымын, Бауыржан Байбек деген есімімнің былғанғаны маған ұнамайды. Әлгі видеоны менің анам да көреді, мысалы. Мамай сияқты басқа да өтірікшілер мен жала жапқыштарға сабақ болсын – мен Мамайды сотқа беремін! Менің жасыратын түгім жоқ, адал, таза адаммын", – деген-тін Байбек.

Мұны естіген Мамай да үнсіз жатқанды жөн көрмепті. Байбекті ашық дебатқа шақырған оппозиционер іс сотқа жеткен жағдайда процестің әділ өтеріне күдікпен қарайды.

"Ол мені сотқа беремін деп отыр ғой. Бірақ Қазақстанда әділетті сот жоқ. Қазақстандық соттардың барлығы Nur Otan басшылығы қолында. Атқарушы билік не айтады, тура сондай шешім шығарады.

Сондықтан Байбекке айтқым келеді: егер жасыратын ештеңесі болмаса, егер осы Nur Otan партиясының жасап жатқан істерінің барлығын дұрыс деп санаса, онда ол менімен тікелей эфирде дебатқа шықсын.


Nur Otan-ға қатысты, елдің дамуына қатысты, өзінің жемқорлық істеріне қатысты, жер дауына қатысты осы мәселелердің барлығын тікелей эфирде халық алдында ашық талқылайық", – деп жазды Мамай әлемжелідегі парақшасында.

Рекомендовать
Последние новости