Шығыста жол жөндеу жұмыстары ерекше бақылауда болады

Dalanews 21 апр. 2021 16:12 1012

Бүгін Шығыс Қазақстан облыс әкімдігінің отырысы барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов жолдарды жөндеу сапасына қатысты бірқатар мәселені қарастырды. Облыс әкімі атап өткендей, шағымдардың көпшілігі Өскемен және Семей қалаларының тұрғындары тарапынан түсуде. Осыған орайда, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын мұқият тексеру, сондай-ақ кепілдік мерзімі бар, бұған дейін енгізілген учаскелерді тексеруді тапсырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардан жалпы ұзындығы 137 шақырым болатын 9 учаскені жөндеу жоспарланған, оның ішінде 86 шақырымы – облыстық, 51 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Бұдан басқа, қалалар мен аудандардың 201 шақырым көше-жол желісін жөндеуге 7,4 млрд.теңге көзделген. Оның ішінде, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 34 елді мекендегі 165 шақырым көшелерді жөндеуге 3,7 млрд.теңге бөлінді.

– «Үлкен Нарын – Күршім» жолының 11 шақырымы, «Мақаншы – Жалаңашкөл» жолының 20 шақырымы, «Аягөз – Қарауыл – Семей – Қайнар» жолының 11 шақырымы, «Омбы – Майқапшағай – Шілікті – Ақжар» жолының 20 шақырымы, «Күршім – Қалжыр» жолының 15 шақырымы, «Таврия– Каменка – Тройницкое» жолының 10 шақырымы, «Сөгір – Барлық –  Ақсу» жолының 14 шақырымы, «Күршім – Ақсуат – Ақсуат» жолының 27 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылады, – деп баяндады ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов әкімдерге жол-жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне бақылауды күшейтуді және сапасын мұқият тексеруді, сондай-ақ кепілдік мерзімі бар пайдалануға берілген учаскелерді тексеруді тапсырды.


– Өскемен және Семей қалалары бойынша жүргізіліп жатқан жөндеу жолдарының сапасына қатысты көп шағымдар бар. Өскемен, Семей қалаларының әкімдері орындалатын жұмыстардың сапасын қосымша тексеруді қамтамасыз етсін, сондай-ақ кепілдік мерзімі бар, бұған дейін енгізілген учаскелерді тексерсін. Көше-жол желісін қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Аяқталуы 2021 жылға жоспарланған нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет, – деді Даниал Ахметов.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі, сондай-ақ Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының сапасының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Семей қаласында автожол көпірін қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал жалпы құны 31,1 млрд теңгені құрайды.

Рекомендовать
Последние новости