"Мен сөйлейтін тілде сөйле!" Турнир ұйымдастырушысы қазақша сөйлеуден бас тартқан

Көркем Алдабергенова 05 июл. 2024 12:36 5188

Әлеуметтік желілерде Gorilla Drift Championship турнирінің негізін қалаушы әрі жетекшісі Артем Чекменевтің қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі қызу талқыға түсті. Көп ұзамай Чекменевтің өзі де желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Желіде тараған видеода Артем Чекменев қазақша сөйлеуден бас тартады. 

"Сен не мен сөйлейтін тілде сөйле, не менімен мүлдем сөйлеспе. Түсінікті ме? "Эй" деп әйеліңе айтасың. Бауырым, сен орысша түсінбейсің ғой", - дейді Чекменев видеода. 

Видео әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсіп кеткеннен кейін компания өкілдері олардың әлеуметтік желідегі парақшаларында және Артем Чекменовтің парақшасында да пікір жазу мүмкіндігін алып тастаған. 

Чекменовтің өзі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, оқиға 2 маусымда болған. Ал видео қырқып алынған және оның толық мазмұны мүлде басқаша болыпты-мыс. 

"Сол күні болған жайт туралы мына нәрсені айтар ем: жарыс болатын аймақты тексеріп жатқан уақытта күзетшілер біреу көліктің багажында тегін тауар таратып жатқанын байқаған, ал бұл №3 бюллетень ережесіне қарс. Бюллетень құжаты 28 сәуірде спортшылардың тобында таратылған болатын. Мен оқиға орнына келіп бұлай істеуге болмайтынын, олардың әрекеті ережеге қарсы екенін, ол ұйымдастырушылармен келісілуі керегін түсіндірдім. Ал олар бұл шараның ережесі мен регламентімен таныс болуы керек, салдарынан олардың тарапынан агрессия мен провокацияға ұшырадым. 

Артынша шара болатын кешеннің күзет қызметі жігіттерден шығып кетуді сұрады. Әлеуметтік желіде тараған "танымал видеода" алты адам арасындағы жарты сағаттық әңгімеміз кесіп алынғанын тағы да қайталап айтамын! Мені жаман тұсымнан көрсету үшін менің тарапыма жасалған провокация сәті кесіп алынған...", - дейді Чекменов. 

Артем Чекменов видеодағы жігіттермен ұзақ сөйлескенін, артынша эмоцияға беріліп сөйлеп кеткені үшін кешірім сұрағанын айтады. 

"Нәтижесінде бір-бірімізді түсініп, қол алысып, жанжал сол жерде аяқталды деп ойладық, оған куә адамдар да бар. Бәрі сол жерде бітті деп ойладық, бірақ олар әлгі видеоны жариялап тастаған екен...

Одан бөлек, маған қоқан-лоқы көрсетіліп, қауіп төне бастады. Ең бастысы -  мен қазақ тілі мен қазақ халқына құрметсіздік танытқым келген жоқ! Мен де Ұлы қазақ даласының баласымын, мен де өз елімнің патриотымын",- дейді Артем Чекменов.  


Рекомендовать
Последние новости