Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы ШЫҰ саммитіне қатысуға келгені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Ресейдің «шанхай рухын» нығайту ісіне және Ұйымға мүше елдермен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті.
"Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету – өте мәртебелі әрі жауапты миссия. Ертең біздің төрағалығымыз аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндаймын. Ұйымның өзінде реформа жүргізіліп жатыр. Әйтсе де бұл оңай шаруа емес. ШЫҰ халықаралық аренада лайықты беделге ие болды. Менің ойымша, бұл – ең табысты халықаралық ұйымдардың бірі. Сонымен қатар бұл – демократиялық сипаттағы ұйым, яғни барлық мемлекеттің теңдік қағидаты сақталады. Әрине, Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін нығайтуға Ресейдің қосқан елеулі үлесін атап өтпеске болмайды. Осы орайда төраға құқығын пайдаланып, Сізге алғыс айтқым келеді", – деді Президент.
Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделген қазақ-ресей қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасы жөнінде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің Қазақстанға былтыр қараша айында жасаған тарихи сапарынан кейін екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
"Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын өз бақылауымда ұстап отырмын. Сіздің сапарыңыз кезінде келісілген жобалардың маңызы зор және елдеріміздің өзара ықпалдастығының стратегиялық сипатымен ұштасады. Сондықтан олардың жүзеге асатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені бұл жобалар Қазақстан мен Ресей Федерациясының мүдделеріне сай келеді", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді биыл күзде елімізге тағы да мемлекеттік сапармен келуге, сонымен бірге ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысуға шақырды.