"Мемлекеттің қарызы өсіп жатыр". Мәжіліс депутаты Үкіметті сынға алды

Кәмшат Тілеухан 19 мая 2025 16:22

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалу барысы туралы есеп талқысында Үкіметтің бюджетті игеру ісіндегі кемшіліктерін тізбектеп атап өтті. Ол бюджетті орындау барысында жіберілетін олқылықтарды депутаттар жыл сайын көтеретінін, бірақ одан көңілге қонымды нәтиже бола бермейтінін өкінішпен жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жыл сайын бюджеттің орындалуы мемлекеттік қарыздың өсімімен қатар жүреді. 2024 жылы да осылай болды. Мемлекеттік қарыз көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 17,2%-ға өсті", – деді Еспаева.

Сонымен қатар ол бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы өте жоғары деңгейде қалыптасып отырғанына назар аудартты.

"Міне, Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2024 жылы бюджет қаражаты мен активтерінің тиімсіз пайдаланылуы екі есеге жуық өскен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 250,2 млрд теңге болса, 2024 жылы ол 475 млрд теңгеге жеткен. Ал жалпы анықталған бұзушылық көлемі 862 млрд теңгені құрап отыр (2023 жылы бұл көрсеткіш 523 млрд теңге болған). Бұған қоса, 2024 жылы бюджет рекордық көлемде - 12 рет қайта қаралған, бұл бюджетті жоспарлау сапасының төмендігін көрсетеді. Квазимемлекеттік секторда да жүйелі мәселелер сақталып отыр. Атап айтқанда, бюджеттік қаржыға тәуелділік пен қарыздық міндеттемелер көлемінің ұлғаюда", – деп атап өтті депутат.

Еспаеваның айтуынша, 2024 жылы шамамен 92 млрд теңге игерілмеген. Бюджетті игермегендер қатарында Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Көлік министрліктері алдына жан салмауда. Бұл ведомстволардың әрқайсысы 20 млрд теңгеден астам қаржыны игере алмаған.

"Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сүйенсек, бюджеттің шығыс бөлігінде әлеуметтік қолдау, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету және өңірлерге қаржылық көмек көрсету сияқты бағыттар негізгі орын алған. Көріп отырғанымыздай, мұндай шығындар ел экономикасын дамытуға бағытталмаған. 2024 жылы осы аталған  мәселелерге бюджеттің кіріс бөлігінің де орындалмауы қосылды. Яғни салықтық, салықтық емес және трансферттік түсімдер толық орындалмай, бюджетте шамамен 422 млрд теңге тапшылық қалыптасқан", – деп сөзін қорытындылады Дания Еспаева.

Айта кетсек, бүгін - 2025 жыл 19 мамырда ҚР Мәжілісінде Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген Жоғары аудиторлық палата қорытындысының негізгі бағыттарын таныстырды.

 

 


Рекомендовать
Последние новости