Талғардағы атышулы іс бойынша өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Азамат Тоқтаубаев бұрын сотта айтқан сөзінен бас тартты. Ол осыған дейін сотталушы Дархан Әскентайға қатысты берген мәлімдемесінің шындыққа жанаспайтынын мойындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айыпталушыдан жауап алу барысында "Қамажай" дүкені алдындағы бейнежазба көрсетілді.
Сот барысында прокурор Дана Сәрсенбай Азамат Тоқтаубаевтан:
"Кеше төрағалық етуші судья сізден сұрады. Алғашқы жауабыңызда Дархан ерегесіп тұрған балалардың бірін ұрып жіберді деген едіңіз, кейін бұл жауабыңызды қолдамаймын деп айттыңыз. Қобалжып айттым дедіңіз. Алайда одан кейінгі жауабыңызда дәл осы сөзді тағы қайталадыңыз. Сол кезде қандай күйде болдыңыз?" — деп сұрады.
"Ол сөзімді қолдамаймын. Бұған дейін Дархан туралы жалған айғақ бердім", - деп жауап қатты Азамат Тоқтаубаев.
Прокурор одан айтылған сөзінен не үшін бас тартқанын сұрады.
"Дарханға ашулы болғандықтан, оны бізбен бірге жазаға тартылсын деп ойладым. Бірақ оның бұл іске қатысы жоқ. Ешкімді ұрған жоқ, қолында пышақ та болмаған. Дарханның біреуге күш көрсеткенін өз көзіммен көрмедім. Жала жаптым демеймін, бірақ өтірік айғақ беріп қойдым. Сол жауабым үшін өкінемін", — деді ол.
Сонда сіз Дархан Әскентайға жалған жала жаптыңыз ба?, - деп қайталап сұрады Дана Сәрсенбай.
"Мен жала жапқан жоқпын. Өтірік айғақ беріп жібердім", - деп қосты сотталушы.