Мемлекеттің барлық бағдарламалары жастарды қолдауға бағытталған

Dalanews 25 окт. 2020 18:47 1189

Елімізде Жастар жылы жарияланғанда нақты бағдарлама қабылданбағаны белгілі. Бірақ бұдан мемлекет тарапынан жастарға нақты қолдаулар көрсетілмеді деп кесіп айтуға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік деңгейде қабылданған кез келген бағдарламада жастарды материалдық тұрғыдан қолдауға бағытталғанын атап өткен болатын.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде табысты жүзеге асып жатқан  «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын алып қарасаңыз, бірінші кезекте ауыл-аймақтағы жастар осы жобаның арқасында жұмыспен қамтылып жатқанын байқауға болады. Бұдан басқа, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бағытында қыруар жұмыстар атқарылып, бизнеске аңсары ауған жастарға түрлі жеңілдетілген несиелер беріліп, тіпті олардың кәсіпкерлік саланың қыры мен сырын үйренуі үшін семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылып жатқанын атап айтуға болады. Осылайша, мемлекетіміз кез келген бағдарламаның аясында жалынды жастарға барынша қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап келеді деп нық сеніммен айтуға болады.

Осы ретте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов:

– Бүгінде әлемді апшысына салып қуырған пандемия барлық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көптеген өзгерістер енгізді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын кезеңде мемлекеттің өсіп-өркендеуін бір сәтке де тоқтатпау үшін батыл шешімдер қабылдап, еліміздің алға қадам басуына бар күш-жігерін жұмсауда. Сонымен қатар мемлекеттік басқару органдарынан осы бағытта жұмыс істеуді талап етіп отыр. Осы ретте Президентіміз елімізде адам капиталын дамытуды, соның ішінде өскелең жас ұрпақтың қандай қиын кезең болса да сапалы білім алуына, өздерінің арман-мұраттарын іске асыруына баса көңіл бөліп отыр. Сол себепті жастардың мемлекеттік саясатын жүзеге асыру маңызды стратегиялық бағыттардың біріне айналып отыр, – деген Асхат Оралов мемлекетіміз жастар саясатын дамытуға айрықша мән беретінін айтқан болатын.

«Жастар және инновация» деп аталатын онлайн форумда ойын ортаға салған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов қазіргі таңда «Жол картасы» бойынша жүзеге асып жатқан түрлі бағдарлама мен жобаларда жастарға қолдау көрсетіліп, олардың ой-армандары шетінен жүзеге асып жатқанын айтты.

Соңғы уақыттары ғылыммен айналысқан жастарға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Айталық, «Жастар жылы» аясында Қазақстанның ғылымын дамытуға ден қойған жас ғалымдарға Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында баспана берілгенін айта кетуге болады. Бұдан басқа, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен алаңсыз айналысуы үшін Үкімет 3 млрд теңге бөліп, 169 жас осы грантқа қол жеткізіп, өздерінің ғылыми жұмыстарын дамытуға мүмкіндік алғанын айта кетуіміз керек.

Мемлекет еркін ойлы жастарды қолдау бағытындағы жұмыстарды күшейткен сәтте еліміздегі жастар ұйымы да мақсат үдесінен шыға білуде. Осы ретте «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ұйымы ұзын саны жүзге жететін жастардың әлеуметтік жобаларына жоғары деңгейде бағалап, олардың қоғамдық белсенділігінің дамуына барынша қолдау көрсетіп отыр. Ұйым жетекшісі Батима Мукина жастардың әлеуметтік жобасын жүзеге асыруға екі миллиард теңгеге жуық қаржы жұмалғанын алға тартқан болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде еріктілерді ынталандыруға бағытталған қолдауы жастардың қоғамдық санасының жаңғыруына айрықша ықпал етіп, пандемия кезінде олардың азаматтық позициясы анық байқалды деп айтуға болады.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Еріктілер жылында көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, дәл осы жылы көптеген бағыттар бойынша еріктілер дайындалып, қоғамдық сананың жаңғыруына ықпал етті. Айталық, аз ғана уақыттың ішінде ауылды жерде тұратын 14 мыңнан астам мектеп бітірушілерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты  жүздеген еріктілер дайындалды. Осы еріктілер ауыл балаларының ағылшын тілін меңгеруін және құқықтық сауаттылығын арттыруға бар күш-жігерін жұмсады. Ал пандемия кезіндегі еріктілердің ерлікке пара-пар жұмыстары жайында, ауыз толтырып, зор мақтанышпен және аса ризашылықпен айтуға болады. Осылайша, Ерктілер жылы қазақ жастарының өздерін қоғамның бөлшегі ретінде сезінуіне ықпал етті, – деп Азаматтық бастамалар орталығының жетекшісі Батима Мукина ойын ортаға салды.

Міне, мемлекеттің қолдауының арқасында жастарымыз ұлтжанды азамат ретінде қалыптасып келе жатқанын байқауға болады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қазақ жастары осындай қолдау мен қамқорлықтың арқасында қоғамдық өмірімізден өз орындарын тауып, елімізді дамытуға өз күштерін жұмсайтын болады.

Толқын САДЫРОВА

Рекомендовать
Последние новости