«Jas Qalam» жобасы жас журналистердің біліктілігін шыңдап келеді

Dalanews 29 окт. 2020 18:52 2521

Қазіргі таңда отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту еліміздегі маңызды бағыттардың бірі десек артық айтқандық болмас еді. Еліміздің ақпараттық саласы дамуы үшін журналистиканың қыры мен сырын жетік меңгерген кадрлар шоғырын қалыптастыру керек. Қазіргі таңда елімізде қолына қалам ұстаған тілшілер қауымын дайындайтын оқу орындары бар. Бірақ жастардың қабілеті мен талантын шыңдайтын ұстаханалар жоқ. Осы ретте Қазақстан жастары конгресі ұйымы Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен «Jas Qalam» жас журналистердің шығармашылық дағдысын шыңдауға бағытталған жобаны бірінше жылдан бері үзбей ұйымдастырып келеді.

Бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылған бұл жоба еліміздегі ең таңдаулы іс-шаралардың бірі десек болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты – еліміздегі өз ісінің шеберіне айналған майталман журналистер мен медиа-менеджерлер, БАҚ жетекшілерінің, блогерлердің кәсіби біліктілігін жастармен бөлісуге бағытталған.

Иә, мұндай жобаларды жекелеген ұйымдар ара-тұра ұйымдастырып тұратыны белгілі. Өкінішке орай, олардың көпшілігі тұрақты түрде ұйымдастырылмайтыны жасырын емес. Осы тұрғыдан алып қарасақ, «Jas Qalam» жобасы өзге іс-шаралардан оқ бойы озық тұрғанын байқауға болады.

Биыл бұл жоба үшінші рет ұйымдастырылып, еліміз бойынша қолына қалам ұстаған жас тілшілер қатысып, өздерінің біліктілігін шыңдады.

Қазіргі таңда журналистика саласы адам танымастай өзгергені белгілі. Ғаламтордың дамуы ақпаратты жылдам беруді, ақпарат берудің түрлі жолдарының пайда болуына ықпал етті.

Өткен жылы «Jas Qalam» жобасына қатысушылар блоггинг, ТВ журналистикасы, баспа және интернет журналистикасы бойынша білімдерін шыңдаса, биыл олардың қатарына блоггинг және әлеуметтік медиа, жеке брэндинг пен PR, телевизиялық журналистика, баспа және интернет журналистика саласымен толыға түсті. Осылайша, бір айға созылған біліктілікті шыңдау курстары жас журналистердің жаңа бағыттарды игеріп, журналистика саласындағы трендтерді терең меңгеруге септігін тигізеді деп нық сеніммен айтуға болады.

Осы ретте «Jas Qalam» жобасы қазақ, орыс тілдерінде ұйымдастырылатынын айта кетуіміз керек. Шараны ұйымдастырушылар «Jas Qalam» жобасына қатысушылардың саны жыл өткен сайын артып келе жатқанын алға тартты.

– Биыл шеберлік сағаттарының тақырыптық бағытын жетілдіре түстік. Біздер кез келген жас журналистердің бағытын айқындауда түрлі тақырыптардың болғанын жөн деп шештік. Жалпы, «Jas Qalam» жобасын жыл сайын ұйымдастырғанда көзіміз жеткені бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Осы жобадан түлеп ұшқан жастар журналистика саласында өздерін жақсы қырынан жетілдіріп келе жатқанын атап айтуға болады. Жас тілшілер «Jas Qalam» жобасына қатысу арқылы өздерінің біліктілігін шыңдап, қателерінен сабақ алуды үйренді. Осылайша, олар заманауи журналистиканың қыр-сырын меңгеріп, оқу орындарында алған теориялық білімдерін нақта өмірде қалай табысты іске асырудың жолдарын үйренуде, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қордың атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан.

Алдағы уақытта отандық журналистиканы білікті мамандармен толықтыра түсуде осындай жобалардың маңызы зор. Өзге елдердің ақпараттық кеңістігіне көз салсаңыз, әбден танылған әккі журналистер өздерінің шеберлік сыныптарын ашып, жас журналистерді дайындауға айрықша мән беріп жүргенін байқауға болады. Біздің де корифей журналистердің басын қосып, олардың өмір бойы жиған тәжірибесі мен біліктілігін, журналистиканың қоғамдағы рөлін, оның нәзік қырларын таба білудің, бұқараға қалай шебер де нақты жеткізе білудің ұтымды мүмкіндіктерімен бөлісіп, ортаға салуына аса мән беріп, осындай маңызды іс-шараларды жиі ұйымдастырып отырған абзал.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ

Рекомендовать
Последние новости