ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қатысты маңызды ақпаратпен бөлісті. Оларға "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ арқылы төлем алуға болатыны еске салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"МӘСҚ" АҚ өтініштерді қарау департаментінің директоры Самал Тоқсанғазина жұмысынан айрылу жағдайы бойынша МӘСҚ-дан төлем алуға кімдер үмітті бола алатынын және ол қандай сомада ақша алатынын айтты:
"Уақытша жұмыссыз қалған қазақстандықтарды қолдау үшін жаңа жұмыс орнын іздеу кезеңінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем қарастырылған... Бұл төлем жұмыстан босау себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыс іздеу кезеңінде жұмыссыз адамды қолдауға арналған. Төлем мөлшері мен мерзімі жекелей есептеледі және соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысыңызға және жүйеге қатысу өтіліне (міндетті әлеуметтік сақтандыру) байланысты, төлем мерзімі 1 айдан 6 айға дейінгі аралықты қамтиды".
Оны алудың басты шарты - міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және жұмыссыз ретінде ресми тіркелу.
"Enbek.kz және egov.kz немесе мансап орталығы порталдарында жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде төлем тағайындауға өтінім беруге болады. Ал егер сіз жұмыссыз ретінде тіркеліп қойған болсаңыз, онда egov.kz порталында, екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы немесе ХҚКО-да өтініш беруге болады", - дейді Самал Тоқсанғазина.
Оның айтуынша, уақытша жұмыссыз қалған қазақстандықтар үшін мынаны есте ұстаған жөн: жұмыссыз ретінде тіркелген сәттен бастап 12 ай ішінде төлем алуға жүгіну қажет.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты 220,9 мың қазақстандық әлеуметтік төлем алды. Еңбек министрлігінің мәліметінше, төлемдердің жалпы сомасы 62,2 млрд теңгені құрады.