Астанада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды челлендж басталды

Ақтоты Жапатова 08 авг. 2025 10:15

Астана тұрғындары қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ауқымды челлендж бастады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл мәдени акция әлеуметтік желілерде кеңінен тарап жатыр: қала тұрғындары, әртістер, спортшылар, оқушылар, жастар белсенділері мен түрлі маман иелері Абай шығармаларын оқып, видеолар жариялап, эстафетаны өзгелерге жолдауда. Видео жазбалар #Абай180жыл және #Abai180 хэштегтерімен жарияланып, жалпыхалықтық қозғалысқа айналып келеді.

«Бұл – жай ғана челлендж емес, нағыз мәдени эстафета. Біз Абайдың мерейтойымен құттықтап қана қоймай, оның мол мұрасын тереңірек ұғынуға жұртты қызықтыра түскіміз келеді», – дейді қатысушылар.

Олар Абайдың өлеңдерін, «Қара сөздерінен» үзінділер оқып, ақынның философиясына деген жеке көзқарастарын білдіріп, басқаларды да флешмобқа қосылуға шақыруда.

Елорда тұрғындары ұлы ойшылдың мерейтойы ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды еске алуға берілген мүмкіндік екенін атап өтті.

Айта кетейік, 10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Астанада 180 жылдық мерейтойға арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бастау алған. Қаладағы білім, мәдениет, спорт және өзге де салалар бойынша 140-тан астам түрлі іс-шара өткізіліп жатыр.


Рекомендовать
Последние новости