Мэлс Елеусізов: Жер-ананы жұлмалап біттік

Dalanews 06 апр. 2015 00:37 970

 

Газетіміздің бұдан бұрынғы санында табиғат жанашыры Елеусізов туралы  ащылау пікір айтып едік. Сайлауға қатысудан жалықпайды, үнемі сайлау кезінде ғана ел көзіне түседі дегенбіз. Сөйткен Елеусізов бұл жолғы сайлауға қатысудан бас тартты. Неге? Не болып қалды? Шағын сұхбатын оқырманға ұсынып отырмыз.

 

– Орта жолдан ойыңыз өзгеріп, «сайлауы құрысын» дегеніңізді қалай түсінсек болады? Саясатқа қолды бір сілтегеніңіз бе?

Өй сендер де... Түпкілікті саясаткер болайын деген ой жоқ менде, болған да емес. Оның үстіне бұл орынға өтпейтінімді мен де білем, сіз де білесіз. Өтетіндер өтсін, тек ісін адал атқарса болды да... Менің ойым мына менің даусымды, табиғат жанашырларының жанайқайын жоғарыға жеткізу ғой.

– Бұл енді түсінікті. Бірақ бұлай деп бұдан бері де бірер мәрте айттыңыз-ау. Қателеспесек, соңғы 10 жыл бойы қайталаумен келесіз...

– Еріккеннен қайталап жүргем жоқ. Билік біз көтерген мәселені құлаққа ілмегеннен кейін қайта-қайта қақсауға тура келеді. Осы партия құрсам ба деген ойым бар. Өз сөзіңді өткізетін шараларға көшу керек сияқты ма, қалай? Өстіп саяси салмағыңды көрсетпесең, қазіргі билік үшін «табиғат» атты түсініктің өзі абстрактілі ұғымға айналып кеткен. Жанашырлық аз.

– «Көп қорқытады, терең батырады» дейсіз ғой?

– Табиғатты қорғау, оның мұң-мұхтажын айту бұл да бір мәдениет. Батыста әлдеқашан қалыптасқан. Құрметпен қарайды. Ел Елеусізовтың ойнап жүрмегенін білу керек.

– 1990 жылы «Табиғат» атты қоғам құрдыңыз. Биыл соған 25 жыл екен. Аз уақыт емес. Не бітіріп, не тындырдыңыздар?

– Аз уақыт емес. Ол жағы анық. Бірақ... кез келген іс уақытпен емес, нәтижемен есептеледі ғой. Біраз уақытты босқа өткердім бе деп ойлаймын.

d26112b7d0_199909– Ол неге босқа өтеді?

–  Көтерілген мәселенің аса қажет екенін біле тұра ешкім қолдау көрсетпейді, әсіресе, билік жағы. Соған таңым бар. Табиғат бір ғана Елеусізовтың жекеменшігі емес, немесе санаулы адамдарға қажет нәрсе емес қой. Ол бүкіл адамзат атаулының үйі, өзіміз өмір сүріп отырған орта. Онсыз біз кімбіз? Табиғат құрыса, мықтымын деген патшаңыз да, шіріген байыңыз да, данышпаныңыз да аман қалмайды, бөкселерін басып отырған қызмет креслолары күл-талқан болады. Соны түсінбейді ғой.

Жер байлығын аламыз деп, тоймастықпен, ашқарақтықпен Жер-Ананы жұлмалап біттік. Табиғат та адам секілді, оның да ағзасына зақым келсе, ауырады. Табиғат ауырса, біз де сау қалмаймыз, табиғаттың да төзімі шексіз емес. Алматының айналасы алмалы бақ болатын, қазір қандай күйде?

– Экология мен қоршаған ортаның жағдайын қай депутат тұрақты көтеріп жүр осы?

– Ешкім де. Тіпті, жүздеген депутаттардың арасында бірде-бір эколог маман жоқ екен. Бұл біздің қоршаған ортаға қалай болса, солай қарайтынымыздың көрінісі. Апаттың алдын алу, табиғатымызды қорғау саласында тұрақты жұмыс жоқ, тек орын алған апатты қалпына келтіру ғана бар бізде. Қазір бізде бұл жұмыспен жеке тыңғылықты айналысатын арнайы министрлік те жоқ, басқа салаға басыбайлы беріліп, қосақталып қалды.

Мысалы, бізде табиғат қорғау прокуратурасынан бастап, түрлі деңгейдегі әкімдік қасындағы экологиямен тікелей айналысатын мемлекеттік мекемелер толып жатыр.
Ал әкімдіктегілердің туған табиғатқа жаны ашиды дегенге мен басымды кесіп алса да сенбеймін. Табиғат қорғағандары сол ма?  Ғасырлар бойы көркімен көз арбаған «Көкжайлау» шатқалының шырқын бұзып жатыр.

Олардан пайда бар ма?

– Жоқ қой, жоқ. Олар айыппұл салып, жазалаумен шектеледі. Ал, түсінік жұмыстарын халық арсында мүлдем жүргізбейді. Біздің БАҚ бұл тақырыпқа өте сирек барады. Телеарналар шоуларды шулатуға шебер, ал табиғатты талқандап жатқанымызды айтуға келгенде соқыр-мылқау. Шын мәнінде, ең ықпалды тәрбие құралы солар емес пе?

Ал әкімдіктегілердің туған табиғатқа жаны ашиды дегенге мен басымды кесіп алса да сенбеймін. Табиғат қорғағандары сол ма?  Ғасырлар бойы көркімен көз арбаған «Көкжайлау» шатқалының шырқын бұзып жатыр.

 – «Не бітіріп, не тындырдыңыздар?» деген сауалымызға нақты жауап ала алмаған сияқтымыз. Бір-екі мысал болса...

–  Алматыда қоқыс өңдеу зауытын салуға біз қарсы шықтық. Біріншіден, ол қаланың ортасына орналасып, жан-жағындағы тұрғындарды жағымсыз иісімен тұншықтырды. Екіншіден, зауыт қоқысты бар болғаны 10-20 пайызға ғана өңдеуге есептелген. Қалған 80 пайызын полиэтиленге орап қала маңындағы қоқысқорымға(полигонға) төгеді. Ол жерде де елді мекендер жақын орналасқан. Қоқыс тағы да жер қабатын улап, адамдарды ауруға шалдықтырады. Пайдасыз зауыт үшін қаншама қаржы шығарылып, ақыры жабылып тынды. Сол желге ұшқан қыруар қаржы үшін жауап беретін адам да табылмай қалды.

Біз он жылдай осы қоқыс, тұрмыстық қалдықтарды жинастыруға байланысты өз тәжірибемізді іске асырып келдік. Аулада шағын ғана жерде қалдықтарды сұрыптап, пластик, шыны, тамақ, тағы басқа қалдық түрлерін жеке-жеке жинап өткізуді тәжірибеге енгізуге тырыстық. Адамдар осыған бейімделіп те қалған. Енді осы тәжірибені бүкіл қалаға, елімізге енгізуге келгенде әдеттегідей алдымыздан кедергілер шыға келді. Қалалық әкімдік бастаған топ жап-жақсы ұйымдастырып жатқан шаруамыздың шырқын бұзды.

Қала бойынша 80-90 сұрыптау алаңын ашсақ, қаншама адамдарды жұмыспен қамтып, қаншама пайда келтіруге болатын еді. Оларға қоқысты сұрыптап, одан қажет заттарды бөліп іске асырғаннан қала сыртындағы қоқысқорымға төге салған тиімді. Өйткені, сол қоқысқорымдар да жекелеген ықпалды адамдардың қолында, табыс көзінен айрылғысы келмейді. Өкінішке орай, бюджеттен бір теңге де қажет етпейтін, біздің бұл тиімді бастамамыз күшпен тұншықтырылды. Бұдан кейін не айтуға болады?..

– Елде атом электр стансаларын саламыз дейді. Бұған қалай қарайсыз?

– Бірден айтайын, қарсымын. Кезінде «Семей-Невада» қозғалысына да қатысқанмын. Айқайлап жүріп атом сынағын жапқан жерді қайтадан енді өзіміз атом қалдықтарының қорымына айналдыру ақылға қонбайды. Екіншіден, бөлінген қаржының жартысын ұрлап, сапасыз салған тұрғын үйлер құлап жатқанда, АЭС салу басымызды қатерге тігумен бірдей. АЭС ойыншық емес, Ертең Чернобыль оқиғасы қайталанбасына ешқандай кепілдік жоқ. Олай болса, онсыз да саны өспей жатқан қазаққа ор қазып керегі қанша. Бізде әзірге басқа да қуат көздері жеткілікті, алдымен соны ұқсатып алмаймыз ба?

– Рахмет!

Әңгімелескен, Зейнолла АБАЖАНОВ


 

 

Рекомендовать
Последние новости