Мектептердің құрылысы «AMANAT» партиясының назарында

Dalanews 21 апр. 2023 12:10 878

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыруға отандық өндірушілерді тарту мәселесі бүгін Мәжілістегі «АMANAT» депутаттық фракциясының кеңейтілген жиынында талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария етті.

Жобаны іске асыру барысы туралы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы алдында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндама жасады. Ол соңғы 10 жылда елімізде оқушылар саны 1 млн-ға артып, 3,7 млн-ға жеткенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта 270 мың оқушы орны тапшы. Егер тиісті шара қабылданбаса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 млн-нан асады.

– Ұлттық жоба аясында 2026 жылға дейін 800 мыңға жуық оқушы орынын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептер оқушылар мен педагогтарға жайлы жағдай жасау үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Әрбір оқушы үшін жеке шкаф, трансформер парта орнатылып, мектептің әр қабатында оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлме, интерактивті құрылғы, TOUCH/LED-экран, әмбебап шеберхана және т.б. болады, – деді Еділ Оспан.

Сондай-ақ. вице-министр 2026 жылға дейін Ұлттық жобадан тыс шамамен 600 мың оқушы орнын пайдалануға беру, ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 3 мыңнан астам мектепті жаңғырту жоспарланғанын атап өтті. Жаратылыстану-математика бағытында білім беруді жақсарту мақсатында 2029 жылға дейін мектептерде жергілікті бюджет есебінен 7 мың заманауи робототехника, химия, физика, биология, STEM кабинеттерін ашу көзделген.


Фракция басшысы, партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев мектептер салу кезінде Қазақстанда өндірілген материалдар пайдаланылуы тиіс екенін атап өтті.

– Елімізде кез келген ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс кезінде барынша отандық өндіріс материалдары пайдаланылуы тиіс. «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруға 2,6 трлн. теңге бөлінді. Бұл қаражат оқушы орындарының жетіспеушілігін шешіп қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға бағытталуы тиіс. Конкурстық құжаттаманы рәсімдеу кезеңінен-ақ отандық кәсіпкерді қолдау шаралары белгіленуі тиіс еді. Алайда, жобалау кезеңінің өзінде импорттық материалдарды пайдалану көзделіп, отандық тауарлар ысырылып қалып жатыр.

Осыған байланысты тапсырыс алып, жұмысы жүретініне сеніп қалған салалық қауымдастықтардан түрлі шағым келіп түсуде. Сондай-ақ, материалдар, жиһаздар мен жабдықтар бойынша барлық сатып алу рәсімі құрылыс компанияларының құзыретіне берілген. Ал ірі бизнес өз пайдасын ғана ойлап отыр. Құрылыс материалдарын, шыны, жиһаз, техника өндіретін біздің кәсіпорындар жобаға қатысуы тиіс. Өзге елдің экономикасын жарылқай беруді доғару керек, – деді ол.

Өз кезегінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов компания бірыңғай стандарт бойынша ғимараттардың типтік жобасын әзірлеп жатқанын айтты. Бұлар – 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 оқушы орнына арналған екі ауысымды мектептер.


– Біз 5 климаттық аймаққа арналған 7 жобалық қуат бойынша 35 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. 2026 жылға дейін барлығы 401 мектеп салынады. Жалпы қызметтерді пайдалану ауқымы бойынша қазақстандық өнімнің үлесі шамамен 70-80%-ды құрауы тиіс. Мәселен, жиһаз жасайтын отандық компаниялардың 90%-ы тиісті техникалық сипаттама алған жағдайда мектеп жиһаздарын шығара алады. Біз құрылыс компанияларына уақтылы келісімшарттар жасасу және жиһазға тапсырыс беру бойынша талаптар қоямыз. Қызметті жеткізушілерден: 3 жылдан 5 жылға дейін қызмет көрсету туралы кепілдік және CT KZ сертификатының болуы талап етіледі, – деп атап өтті ол.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова мектептерді оқушы саны бойынша бөлу мәселесіне назар аударды. Мәселен, 2500 оқушыға негізделген тек 3 ғимарат тұрғызылады. Оның біреуі Ақмола облысында, ал қалған екеуі Алматы қаласында салынады.

– Мұндай мектептердің жалпы қауіпсіздігіне қатаң талап қойылуы керек. Яғни, жер сілкінісіне төзімділік пен шұғыл эвакуация жасау мүмкіндігі мәселелеріне айрықша мән берілуі тиіс. Мұндай ғимараттардың аумағы да кең болуы керек. Сонымен қатар, тендерлерді бірнеше рет өткізбеу үшін құрылыстың кешігуіне жол беруге болмайды, – деді ол.

Фракцияның мүшесі Жанарбек Әшімжанов мектеп құрылысының барысына және бюджет қаражатының игерілуіне қоғамдық бақылау жүргізу тақырыбын қозғады.

– Бұған дейін құрылыс барысын бақылайтын ақпараттық-цифрлық платформа жұмыс істейтіні айтылды. Бұл электрондық жүйе ашық қоғамдық бақылау жүргізуге арналған. Сондай-ақ, бізге мектептер саны қысқарғаны туралы бейресми мәлімет жетіп отыр. Егер бұл дерек шындыққа сәйкес келсе, онда қаржыландыру көлемі де қысқаруы керек. Тараптар бюджет қаражатын игеру кезінде үнемшілдік танытуы тиіс, – деді ол.

Фракция жиналысының қорытындысы бойынша Елнұр Бейсенбаев депутаттардың жұмысын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді. Ол «Жайлы мектеп» жобасын тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының жайлы мектептер салу жөніндегі игі бастамасын жүйелі жүзеге асыруымыз керек. Бұл іске қоғам болып жұмылу қажет. Әрбір қазақстандық бала заманауи мектепте білім алуға толық құқылы. Отандық тауар өндірушілерге айтарым, басты мақсат – табыс табу емес, жайлы мектеп тұрғызу. Жас ұрпақ сіздер өндірген жиһаздарды пайдаланып, 11 жыл білім алады. Бақай есеп үшін емес, заманауи мектеп салу үшін жұмыс істеуміз керек. AMANAT» фракциясы әрдайым осындай маңызды мәселелердің көшбасында жүруге дайын. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз», - деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.

«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
Суретті түсірген Әли Ғалым

 

https://dalanews.kz/news/88427-masimov-kepilmen-syrtqa-shyqsa-kudeba

Рекомендовать
Последние новости