Люкс по-алматински. The Ritz-Carlton қонақүйіне аялдаған шетелдік далаға шықпасын деп тілейік

Dalanews 21 апр. 2023 16:04 890

Алматыны – туризм ордасы дейміз. Ал Қазақстан өзіне турист тарту үшін кэшбек және басқа да бағдарламалар енгізіп әлек. Туризмнің саласының жеке министрлігі бар. Оған «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясын қосып қойыңыз. Олардың миллиардтаған бюджетін ұмытпаңыз, деп жазады, "Үйде жатпа!" телеграм арнасы. Шетелдіктер бізге келіп, көрікті жерлерімізді көрсін дейміз. Бірақ ол үшін қарапайым, болмашы нәрселерді де жасай алмай отырмыз. Сол себепті, алдымыз әдемі болғанымен, артымыз ашық болып тұр. Егер турист бізді 360 градусқа айналып шықса, масқарамыз шығатыны анық.


Zhatpa.kz сайты жариялаған арнайы репортажда қызықты тәжірибе жасалды. Жарайды, шетелдік азамат Алматыға ұшып келіп, ең қымбат The Ritz-Carlton отеліне қоныстанды дейік.



Терезеден қараса, үстінен көрініс былай жаман емес сияқты.



Оны көрген шетелдік турист, далаға шығып, серуендеп қайтайын деп шешеді. Есентай өзенін көріп, өзен жағалауында қыдырғысы келеді әрине. Сонда жағалауға мына қорқынышты баспалдақпен түскен кезден бастап зәресі ұша бастамақ.



Үстінен бомба түскендей қирап жатқан баспалдақтан өткеннен кейін, ол Есентай өзенінің түбіндегі масқара лайды көреді.



Біздің ойымызша, Есентай – Алматыдағы ең бітеліп қалған, лай мен балшыққа толы өзен. Және ол қаланың ең қымбат, көрікті деген жерінде мен мұндалап тұр. Кәдімгі бақалар бақырып жатқан, балдырлар өсіп, көгеріп кеткен шалшыққа айналған.







Шетелден келген турист дәл осы жерден тоқтап, өзін бір геттоға келдім деп есептеп, тезірек қайтадан қонақүйге қашып кеткені біз үшін дұрыс болар еді. Ал егер ол көпірдің астына кірсе, онда шаруамыз бітті.





Егер көпір астына кірсе шетелдіктің бірден қонақүйге қайтатынында дау жоқ. Жарайды, оны жібере берейік. Енді біз жағалауда серуендеп жүрген тұрғындарды сөзге тарттық. Олар Алматыдағы жағдай туралы не ойлайды?

Әл-Фараби даңғылының бойындағы нөмірі 65-ші үйде 30 жылдан астам тұрып жатқан зейнеткер Наталья Қайырбекованы кездестірдік. Зейнеткердің сөзінше, Есентай жағалауына түсетін мүгедектерге арналған саты жол нағыз экстремалдарға арналған.
«Баурайлары өте тік, тегіс емес. Мүгедек арба емес, тіпті азық-түлік арбасымен де көтеріле алмайсың. Ал мына Есентай өзенінің табанына жиналатын лай кеңестік кезеңнен бері қашанда мәселе болып келген. Қазір су жібермей тұрып, неге осы арнаны лайдан тазартпайтыны түсініксіз», – дейді, Наталья Қайырбекова.

Шынымен де, мына сатыдан мүмкіндігі шектеулі адам емес, сау адамның өзі құлап, мүгедекке айнала алады.



Зейнеткер сондай-ақ Әл-Фараби-Есентай аймағының тек кептелістен ғана емес, сонымен қатар желдеткішін тура балкондардың астына қойған «Мята» дәмханасынан да зәбір көргенін айтып, шағымданып отыр. Тұрғындар әкімдікке ұжымдық шағым жазған.



«Мятаның» кіреберіс жағын әдемілеп қойған қожайындары оның Есентай жақтан қалай көрінетініне мүлде бас қатырмаса керек. Мұндай кезде «Сырты бүтін, іші түтін» деген мақал еске түседі.



Жақын аймақта көгалға төге салған құрылыс қоқыстары шашылып жатыр. Олар асфальтқа да шыға бастаған.

 

Зейнеткер Наталья Қайырбекова өткен жылы бұл маңда бордюрлердің жаңаланып, құрылысшылардың өздерінің арттарынан құрылыс қоқысын жинамай кеткенін айтады. Сол қоқыс жолға да түсіп барады. Мұндай жұмысты әкімдік қалай қабылдаған деген сұрақ туындайды.

Жақын маңда қоршалған аумақта құрылыс/жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Трактор тротуарды ойып жіберген, онымен қатар, балшықтың бәрін көшеге тасып, бордюрден сау тамтық қалдырмаған.

  

Бұл – Есентай Сити коттеджді қалашағының алаңшасы. Ары қарай Алматыдағы ең қымбат Хейлибери мектебінің автотұрағы басталады. Қоқыс шашылып жатыр.



Есентай Апартмент тұрғын үй кешені ғана өздерін қоршап алып, қоршаудың ішінде тәртіп орнатқан сияқты. Бірақ, көпірдің үстіндегі теміржақтаулар ішінен іріп жатыр. Сонда тек сыртын ғана бояй береді. Оның көмектеспейтіндігі көрініп тұр. Қолмен ұстауға қауіпті.





Есентай өзенін бойлап, төмен түсіп көрдік. Суы жоқ арнаның іші қоқысқа толып жатыр. Төле Би көшесіне дейін барғанда, картинаның барлығы осындай болды.



Айта кетейік, қазіргі таңда өзен арналарына іргелес аумақты күтіп ұстау жұмыстарын «Eco Almaty» ЖШС жүргізуде. Бұл жерде компания тарапынан өз жұмысына салғырт қарауы, не болмаса, компанияға бөлінген бюджеттің бұл жұмысты сапалы жасауға жетпей жатқандығы байқалады.
– Есентай өзенінің арнасын, оның ішінде Әл-Фараби даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі аралықта механикалық тазарту үшін мердігер ұйымды анықтауға конкурстық жұмыстар жүргізілуде. Яғни, жиналған құм мен лайдан тазарту мақсатында. Ал, жұмыстарды аяқтаудың болжамды мерзімі ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін жоспарланған, – деді, Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының баспасөз қызметіндегілер.



Сонда жазға дейін тендер өтпей, Алматы өзендері қоқысқа булығып жататын болады. Есентай өзенінің Шевченко көшесінен солтүстікке қарай учаскесін тазалауды аудан әкімшілігі өз мойнына алған.

Механикалық жолмен тазарту әдісі деп отырғанымыз, ластанған сулардан арнайы құралдардың көмегімен ерімейтін зиянды қосындыларды бөлуге бағытталған. Ол үшін сүзгі, май ұстайтын секілді құралдар пайдаланады. Бұл әдіспен ластанған судың 60%, ал өндірістік қалдық сулардың 95%-ке дейін ерімейтін қосындылардан айыруға болады. Мұның биологиялық және химиялық тазарту жұмыстарынан өзгешелігі осы. Яғни, «ағын суда арам жоқ» десек те, оның астыңғы бөлігі белгілі бір уақытта тазалауды қажет етеді. Бұған, жауын-шашын, топырақ және өсімдік жамылғысы, түрлі бактериялардың жиналатын мөлшері де себеп.

Негізінен, тазалық ісіне қатысты табиғатты қорғау полициясы бар. Бұдан бөлек, әр ауданда 4 экологтан тексеру жұмыстарымен айналысады. Жағалаудан өтіп бара жатқан тұрғындардан осы туралы сұрап сөзге тартқан едік. Тазалық мәселесіне жауаптымыз дейді, тұрғындар.
– Әрине мен тастадым деп ешкім мұны мойындамайды ғой. Менің жеке пікірім бойынша, тіпті сағат сайын жауапты адамдар жинап тұратын болса да, бұған жауапты тек олар болмау керек. Себебі, мұны тастайтындар – осы маңнан өтетін адамдар. Сондықтан, арнайы бақылау камералары арқылы қалдық тастағыштарды жазалау керек. Сонда өзгелерге сабақ болады, – дейді тұрғын Бекжан Полатұлы.



Шенеуіктерге қыс келіп, қар жауғаны күтпеген оқиға болатыны сияқты, осы ретте де алдын-ала шешілуі тиіс жұмыстар қараусыз қалды. Енді тендер шаруалары аяқталғанша тұрғындар жаздың келуін күтуі тиіс. Тым болмағанда, жақын болашақта көктемде істелуі тиіс жұмыстар көктемде, күзгі жұмыстар күзде жасалады деп сенеміз. Себебі, әкімдіктегі азаматтар да қар еріп, көктем келе салысымен өз үйлерін тазалап, жер үй ауласын сыпырып, тырмалайтыны анық. Егер олар қаламызға өз үйіндей қараса, оны тұрғындар да сезінер еді.

Мөлдір Бегімбет

Рекомендовать
Последние новости