Мектепте жұмыс істейтін зейнеткерлер зейнетақыдан қағыла ма? Министр жауап берді

Көркем Алдабергенова 07 нояб. 2024 14:22 1727

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев зейнеткер мұғалімдердің жалақысына қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 600 мыңға жуық мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде зейнет жасында еңбек етіп жатқан ұстаздардың саны – 6 мыңға жуық. 

– Зейнеткерлер тек ауылда ғана емес, үлкен қалаларда жұмыс істеп жатыр. Ауылды мектептерде, әсіресе шағын жинақты мектептерде бұл мәселені шешу бағытында біз қазір осы мектептерге қолдау көрсету үшін ресурстық орталықтар арқылы тірек мектептерді құрып жатырмыз. Ақтөбе қаласында мұны пилот режимі ретінде енгізіп жатырмыз. 20 немесе 10-15 оқушысы бар мектептердегі мұғалімдердің тапшылығы тиісті сағаттың, штаттық бірліктің жоқ болғанына байланысты туындап отыр. Оны шешу үшін цифрлық контенттерді қолданып, ресурстық орталықтардың цифрлық мұғалім деген жобаның шеңберінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жоба нәтижесін беріп жатыр. Бұған 400-ге жуық тірек мектептері кіреді. Бұл шамамен 1 мыңнан астам шағын жинақты мектептің мәселесін шешеді, – дейді ол.

Тақырыптан сәл ауытқып кеткенімен, министр журналиске қанша мұғалім керектігі турасында нақты түсінікті болу үшін ақпарат бергенін айтады. Ал жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысы тоқтап қалса, ертең олар мектептен кетіп қалмай ма деген сұраққа Бейсембаев қысқа қайырды.

– Біріншіден, ол әлі ой ғана. Қабылданған жоқ. Қабылдануы, қабылданбауы да үлкен сұрақ. Сондықтан, оған көп меніңше, назар аударудың қажеті жоқ деп ойлаймын, – дейді Бейсембаев.

Бұған дейін министр Светлана Жақыпова қазір зейнеттегі, жұмыс істеп жүрген азаматтар зейнетақысын да, айлығын да ала беретінін айтқан еді.

Еске сала кетейік, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сарапшылар "азаматтар зейнетке шығу құқығын кейінге қалдырса, оған онда зейнетақы төлемеу" туралы ұсыныс білдіргенін мәлім еткен еді. Министрдің айтуынша, еңбек нарығына биылдың өзіне 300 мың адам қосылған. Алайда бұл бастаманы Жақыпова "ұсыныс" екенін, ол әлі қабылданбағанын айтқан болатын. 

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтату туралы бастаманы сынады. 

"Бұл шара еңбек ету және әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік беретін Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келеді. Айта кетейік, зейнетке шығу өлім жазасы емес. Әрбір Қазақстан азаматы зейнеткерлік жасқа жеткенде де адал еңбек етуге құқылы, әйтпесе кәсіби мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа да санаттағы мамандардың тапшылығына байланысты мәселелерді қалай шешуге болады?" - деді Айдос Сарым. 

Ол еліміздегі кадр тапшылығын баса айтты. 

"Мәселен, enbek.kz Еңбек биржасының мәліметінше, 4 қарашадағы жағдай бойынша 53 826 бос жұмыс орны болса, оның 13 356-сы еңбек өтілін талап етпейді. Басқа жұмыс іздеу платформасы Head Hunter (hh.kz) 47 946 бос жұмыс орны бар", - деді депутат. 

Оның айтуынша, тағы бір тенденция - жастардың шетелге жұмысқа кетуі. Ол бұл үдеріс жұмыс тапшылығына емес, жалақының аз болғанына байланысты екенін айтты. 


Рекомендовать
Последние новости