Медицинаның сапасын көтеруде инвестицияның маңызы зор

Dalanews 20 дек. 2023 11:10 1086

Кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін тек бір ғана статистикалық көрсеткіш – орташа өмір сүру ұзақтығы арқылы бағалауға болады. Қазақ КСРО дәуірінде, 1987 жылы біздің орташа өмір сүру ұзақтығымыз 69,3 жасты құрап, бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп отырды. Дегенмен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезінде бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп, 1996 жылға қарай 64,1 жас болған екен. Тек 2011 жылы Қазақстан 1987 жылғы Қазақ КСР-інің көрсеткіштеріне 69 жаста жақындаған.

Адами капиталды дамытудың негізгі құрамдас бөлігі тиімді денсаулық сақтау жүйесі болып табылады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында. «Мемлекет ұлт денсаулығын нығайтуға орасан зор күш салуда, нәтижесінде азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа дейін ұлғайды, бұл тарихымыздағы рекордтық көрсеткіш», - деді Қ.Тоқаев.

Ия, ұлт саулығы ойдағыдай қамтамасыз етілгенде ғана қоғамның үйлесімді дамуы мүмкін.


Қазақстан 2023 жылы медицина саласын қаржыландыру 2,5 трлн теңгеге жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дамушы елдердің денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімнің 5-8% үлесі жұмсалуы қажеттігі туралы ұстанымына сәйкес, Мемлекет басшысының денсаулық сақтау шығындарының үлесін ЖІӨ-ден 5% - ға дейін ұлғайту туралы тапсырма бергені аян.

Биыл денсаулық сақтау шығындары жалпы ішкі өнімнің 3,7% құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2019 жылғы бұл көрсеткіш бар-жоғы 2,8% болатын.

2019 жылы медицина саласын қаржыландыру небәрі 1,3 трлн теңгені, 2021 жылы – 1,8 трлн теңгені, 2022 жылы – 2,2 трлн теңгені құрады, ал 2023 жылы 2,5 трлн теңгеге жетті. Медициналық саланы қаржыландырудың өсуі денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасын ұлғайтып қана қоймай, медицина саласы қызметкерлерінің жұмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Тағы бір назар аударар фактор, Қазақстанда халықтың өсуі де бұл саланы қаржыландырудың ұлғаюына әсер берді.

Қазақстанның жері кең, елді мекендер арасындағы қашықтық айтарлықтай болғандықтан, медициналық қызмет көрсетудің түрлі заманауи тәсілдері пайданылуы тиіс. Қашықтықтан медициналық жәрдем көрсету, мобилді медкөмек, ауылдық жерлерде амбулаториялық мекемелер салу да Мемлекет басшысы баса назар аударған бағыттар.

Еліміздегі медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша биыл 78 денсаулық сақтау нысаны салынып, оның ішінде "ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде – 47, сондай – ақ 80 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өткен.

Бұл да болса, қаншама азаматтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуіне мүмкіндік.

Саланың созылмалы жеткіліксіз қаржыландырылуы сақтандырылған азаматтардың өздеріне де тиесілі медициналық қызмет көлемін алмауына алып келеді. Өркениетті елдерде медицина саласы тек бюджетке телміріп отырмай, инвестициялық табысты сала ретінде де есептеледі.

Мемлекет басшысы, медицина – инвестициялық тартымды сала екендігіне, тек қолайлы жағдай жасау керектігіне де ерекше көңіл бөліп келеді.


Үкіметтің берген есебі бойынша. жеке инвестициялар есебінен денсаулық сақтау объектілерін салу және жарақтандыру бойынша жұмыстар белсенді қолға алынған.

Биыл демеушілік көмек есебінен 475 млн теңге сомаға Атырау қаласының "Береке" шағын ауданында дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ Шымкент қаласының" Ынтымақ-2 " шағын ауданында ауысымына 350 адам қабылдайтын емхана салынғаны қуантарлық.

Алматы облысында "Dolce" ЖШС оңтүстік кореялық "SGP" компаниясымен бірлесіп Оңтүстік Корея технологиясы бойынша озық шприцтер өндіру бойынша жоба іске асырылды.

"Clever Medical" ЖШС Алматы облысында операциялық бөлмелерге арналған отандық медициналық бұйымдар өндірісін іске қосты.

Алматы қаласында "Ordamed" ақ отандық компаниясының базасында Оңтүстік Кореялық "Samsung Madison"компаниясының жоғары және сараптамалық класты ультрадыбыстық стационарлық диагностикалық жүйелерін (Heka U1-U10) шығару жолға қойылған.

"AiSonic" ЖШС Маңғыстау облысында алғашқы отандық "Айшық"есту аппараттарының өндірісін іске қосты. Ультрамедтех KZ" ЖШС Солтүстік Қазақстан облысында Ел ішіндегі қажеттілікті жабу үшін бактерицидті сәулелендіргіштер мен ауа рециркуляторларын шығаруды іске қосты.

Шымкент қаласында "Ultra Technology" ЖШС Сүзгіш жартылай маскалар өндірісін іске қосты. "Колганат-Қарағанды" ЖШС клапаны бар kn95 медициналық маска-респираторларын өндіру желісі толық дайындалды, "Super Pharm" ЖШС Жамбыл облысында отандық тұтынушыларды қанағаттандыру үшін қуаттылығы жылына 250 млн шприцке дейінгі бір реттік стерильді шприцтер өндірісін іске қосқан. Яғни медициналық саланы дамытуға инвестициялық мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, мемлекет тарапынан қолдау ойдағыдай болғанда, саланың ұзақ жылғы мәселелерін де шешуге, халықтың сапалы медициналық көмек алуына да, жұмыспен қамту мәселесін шешуге болады.

Бастысы, қоғамымыздың созылмалы дерті - жемқорлықтан сауықтыру да басты назарда болу керек.

Бибігүл Жексенбай 


Рекомендовать
Последние новости