Махамбет Досмұхамбетов Жылыой халқымен кездесті

Dalanews 22 мар. 2022 12:06 774

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарымен Жылыой ауданында болып, тұрғындармен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Алдымен өңір басшысы Жаңа Қаратон ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, кентте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы қысқаша баяндады. Соның ішінде, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жүктелген міндеттерге де тоқталып, тұрғындарды Президенттің бастамаларын бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

– Ауданның өзекті мәселелерін жақсы білеміз, оларды шешу үшін аудан әкімінің ұсыныстарына сәйкес арнайы іс-шаралар қабылданды.

Жаңа Қаратон кентіне барлығы 38 шақырым автокөлік жолдарына қайта жаңғырту  жоспарланды. 2021 жылы кентке 19 шақырым жол төселсе, биыл ол жұмыстар жалғасуда. Былтырғы жылы Жаңа Қаратон кентінің кіре-беріс жол бойындағы ескі жарық көздерін 25 светодиодты шамдарға ауыстыру жұмыстары жүргізілсе, 2022 жылы 200 дана светодиоттық шамдары ауыстырылады. Балбырауын, Болашақ, Майтөбе көшелеріне транформатор орнату мәселесі былтырғы жылы шешілді. Одан бөлек, кентті абаттандыру мақсатында 2 аялдама, 10 көше орындықтары, 10 қоқыс жәшіктері және воркаут алаңын орнату жұмыстары жасалды, – деген облыс әкімі, бұдан бөлек, кентке кәріздік тазарту, Мәдениет үйін салу, көшелерге жарық жүргізу, тағы да басқа өзекті мәселелерді шешу бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Жиында тұрғындар жұмыс орындарын ашу, көшені жарықтандыру, камера орнату, көгалдандыру мен құрылыс сапасына қатысты сауалдар қойып, облыс басшысы жауап берді.



Мәселен, «Балдырған» бала бақшасының хореографы Айгерім Магазова Мәдениет үйін салу мәселесін көтерді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жаңа Қаратон кентіне Мәдениет үйін салу үшін қажетті құжаттар дайындалып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, 2-6 кварталдағы үйлерге газ құбырын тартуды сұраған Тілектес Айтжановаға аталған жұмысарға жобалау-сметалық құжаттамасы жасалғанын, сараптама қорытындысы шыққан соң қаражыландыру көзі қарастырылатынын айтты.

Одан соң облыс әкімі кент тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша да қабылдады.

Ал, Құлсары қаласында өткен тұрғындармен кездесуде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында ауданда істеліп жатқан жұмыстар туралы қысқаша баяндап өтті.

– Білім беру саласы бойынша былтырғы жылы аудан  орталығында 580 орындық №6 орта мектеп және Құлсары қаласындағы Жылыой технологиялық мұнай және газ колледжіне 60 орындық жатақхана құрылыс жұмыстары аяқталып, тапсырылды. Үстіміздегі жылы Құлсары қаласындағы 300 орындық №5 мектеп құрылысы жүргізілуде, нысанды қыркүйек айында тапсыру жоспарда тұр. Сонымен қатар, Құлсары қаласында Береке ықшам ауданына 600 орындық мектеп құрылысын ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында салу үшін ұсыныс берілді. Құрылысын 2023 жылы жүзеге асыру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласын одан әрі жақсарту мақсатында былтырғы жылы 200 орындық модульдік аурухана салынды. Құлсары қаласынан 75 орынға арналған аудандық орталық аурухана құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады. Өңір тұрғындарын жайлы баспанамен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Құлсары қаласындағы «Атырау» ықшам ауданындағы 100 пәтерлік  3 тұрғын үйдің және демеушілер есебінен Құлсары қаласында 60 пәтерлік 1 тұрғын үйдің құрылыстарын биылғы жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарда тұр. Осы үйлер іске қосылғанда 360 отбасыны үймен қамтылатын болады, – деген өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов ауданның инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың санын көбейту, тұрғын үймен қамту сияқты аудан халқы үшін өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан өзге де жұмыстар, жоспарланған іс-шаралар туралы хабардар қылды.



Төрт сағатқа жуық созылған жиналыста халық тарапынан елуден астам сұрақ қойылды. Атап айтқанда, жол-инфрақұрылымы, экология, әр топтағы жандарды әлеуметтік қолдау, көгалдандыру, ауыл шаруашылығын дамыту, қаңғыбас иттер мәселесі, баспанамен қамту мен жұмыс орындарын ашуға қатысты сауалдар болды.

Тұрғындар мәселесіне жан-жақты жауап берген облыс әкімі жергілікті деңгейде шешілетін мәселелерді аудан басшылығы мен жауапты басқармаларға тапсырды. Сондай-ақ, жылдар бойы қордаланған кейбір проблемаларды қысқа уақыттың ішінде шешіп берудің мүмкін еместігін атап өтті. Облыстық деңгейде мәселелерді зерделеп, шешу жолдары қарастырылатынын, республикалық деңгейде мәселелерді тиісті органдарға шешешімін қарастыру ұсынылатынан жеткізді. Сонымен қатар, жылойлықтарды келе жатқан наурыз мейрамымен құттықтап, жаңа жыл ел-жұртқа жақсылығымен келсін деген тілегін білдірді.

Бұдан соң облыс әкімі жергілікті тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жылыой ауданындағы өкілі Бағыт Масалимова мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салу қажеттігін айтты. М.Досмұхамбетов 150 орындық оңалту орталығының құрылысын салу үшін жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасы жасалғанын, құрылысын демеушілік арқылы осы жылы бастау жоспарланып отырғанын жеткізді.

Ал, Әли Сәменов қала аумағында орналасқан ескі үйлерді бұзу және тұрғындарды көшіру мәселесін көтерді. Өңір басшысы ескі үйлерді бұзу кезеңмен жүргізілетінін айтып түсіндірді. Жоспарға сәйкес, Махамбет даңғылы бойындағы 7 үй бұзылып, Атырау ықшам ауданындағы салынып жатқан 3 қатарлы 60 пәтерлік үйге көшіру жоспарда екенін айтты.

Кездесу бастан аяқ әкімдің «Фейсбук» және «Инстаграм» әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетілді.

Облыс әкімімен кездесу өтетіндігі алдын ала бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланып, тұрғындар құлақтандырылды. Тұрғындардың облыс әкіміне қоятын сұрақтары мен ұсыныс-пікірлерін жинақау үшін әкімдік аппараты мен арнайы орындарға жәшіктер орнатылған болатын.

Айта кетейік, тұрғындармен кездесуге аймақ басшысымен бірге ҚР Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Марат Игали, облыстық мәслихаттың хатшысы Әлібек Нәутиев, сондай-ақ облыстық басқарма басшылары мен аудан әкімі Халел Жамлов, тиісті мемлекеттік орган өкілдері де қатысты.

Сондай-ақ облыс әкімі Жылыой ауданына жұмыс сапары барысында қалада орналасқан «Жылыоймұнайгаз» мұнай газ өндіру басқармасы ұжымын наурыз мерекесімен құттықтады.

Рекомендовать
Последние новости