"Масс-медиа туралы" заң: БАҚ өкілдері не дейді?

Dalanews 20 июн. 2024 18:27 2180

Журналист Дәурен Сейітжанұлы мен Ораз Әлімбеков мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген "Масс-Медиа" туралы заңға пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуларынша, БАҚ өкілдері талай жыл күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселенің шешімі табылғанына қуанышты.  

"Президент Қ.Тоқаев "Масс-медиа туралы" заңға қол қойыпты. Әбден талқыланып, талқылау барысында көп өзгеріс енгізілген заңды бір шолып шықтым. Менің бірден көзіме түскені – БАҚ-та жарияланған мақаланы даулап сотқа берудің мерзімін бір жылмен шектепті. Бұрынғы заң бойынша мақаланың жарияланғанына он-он бес жыл өтіп кетсе де  ақиқат іздейтін журналисті бәлеқорлар сотқа сүйрей беретін, яғни журналисті сотқа берудің мерзімі жоқ-тын. Қазақ журналистикасының тарихында мұндай оқиға көп болған. Саяси тапсырыс түсіп бір БАҚ-ты немесе бір журналисті қудалау үшін оның "итжылғы" мақаласы үшін сотқа бере салатын. Марқұм Шәріп Құрақбаев құрған "ДАТ" газетін бір министрдің айтақтауымен ұлттық телеарна басшысы сот арқылы жауып тынған. Ш.Құрақбаевқа да 5 млн теңге айыппұл салып, 2 бөлмелі пәтерін бұғаттап тастап, бала-шағасын әбден әбігерге салып еді... 

Жаңа заң бойынша бір жылдан кейін журналистің мақаласын алып сотқа бара алмайтын болды. Сот ондай арызды қабылдамайды. Бұл журналистер мен БАҚ басшыларының еңсесін басып тұрған психологиялық ауыртпалықтан құтқаратын жағдай. Әйтпесе, журналистер жазуын жазып алып "мені қашан кім сотқа береді екен" деп ойналып қиналып жүреді. Журналистер сол қиындықтан құтылды. Бұл да бір оңынан біткен іс болды.

Жаңа заңда  көңіл қуантатын басқа да баптар бар сияқты. "Әттеген-ай" дейтін тұсы да бар. Бұл туралы келесіде кеңейтіп талдап жазамын", - деді Ораз Әлімбеков.

Сонымен қатар журналист Дәурен Сейітжанұлы мұндай қолдау отандық БАҚ-қа сапалы ақпараттық өнім шығаруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

"Заманауи ақпараттық кеңістік қоғамдық пікір үшін бәсекелестік орын алатын орынға айналды. Ал өз мақсаттарына жету үшін көптеген ойыншылар манипуляция және жалған ақпарат сияқты әртүрлі әдістерді пайдаланады. Бүгінгі таңда әртүрлі жеке мақсаттары бар медиа нарығына орасан зор инвестиция тартылды. Соңғы жылдары отандық сарапшылар қазақстандық медиа кеңістікті қорғау қажет деген мәселені көтеріп жүр. Бұл мақсатқа жетудің бір жолы – жергілікті өндіріс компанияларына қолдау көрсету.

​Бұл қолдау отандық БАҚ-қа сапалы ақпараттық өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. БАҚ субъектілерінің гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуы оларға фильмдер, телехикаялар, баспа және онлайн өнімдерді шығаруға қажетті қаражатты алуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл шара қазақстандық медиа кеңістігінің отандық контентпен толтырылуын ынталандырады", - деді журналист.


Рекомендовать
Последние новости