Мәшһүр Жүсіп кесенесінің жанынан өткен жемқордың көлігі аударылып қалды

Dalanews 31 авг. 2020 06:24 2019

Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылдық округіндегі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне бастап барар 37 шақырымдық жол құрылысына бөлінген 399 млн теңге қолды болған деп хабарлайды Dalanews.kz Ratel-ге сілтеп.




Қалай дейсіз бе? "Жұмысты атқарып тастадық" деген жалған актілер толтыру арқылы айлапат ақша тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіпті. Бұл дауға Баянауылының ауданының экс-әкімі Оразгелді Қайыргелдинов те шатылып, қазір сот алды тергеуден өтуде.

Нақтылай кетелік, аудан әкімі бар, ауданның жолаушылары тасымалы және көлік жолдары бөлімінің жетекшісі бар және жол жөндеуге бөлінген тендерді ұтып алған Сапа+ ЖШС-ның басшысы үшеуі сөз байласып, 2018-2019 жылы ұзындығы 37 шақырым Алексеевка-Жаңажол (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі осы ауылда орналасқан) учаскісіне бөлінген 399 млн-ды тең бөлісіп алған.

Былайша айтқанда "Өңірлерді дамыту" бағдарламасының аясында бөлінген ақшаны банктегі есепшотына аударған.


Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне апарар тас жолдың құрылысымен танысуға депутат Нұржан Әшімбетов арнайы келіп, көңілі толмай қайтты. Халық қалаулысына есеп берген қазіргі аудан әкімі Қанат Кәрімов САПА+ ЖШС-нің жұмысындағы шикіліктерді тізіп шықты.



"37 шақырымның 26-сын асфальттап тастадық деп акті толтырған. Оның өзі шала-шарпы. Өзге 7 шақырымы аяқсыз қалды. Жолдың сапасы сын көтермейді. Қазірдің өзінде қос қапталы кертіліп, ұңғыл-шұңғылы көбейіп жатыр. Бұл мердігерге сенім жоқ. Былтыр жасаған жолының сиқы мынау. Аяқсыз қалған жұмысты қайтадан тендер ойнатып, жөні дұрыс мердігерге тапсыру керек. САПА+-тің басы дауға қалғанын білесіз. Бұл іс сотқа жетпей тынбайды", – дейді аудан әкімі.

Кесенеге бастар жолды былтыр ғана 900 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізген САПА+ ЖШС биыл бұл жолды қайта жасап шығыпты. Алайда былтырғыдан оңғаны шамалы. "Мына жолдың қалыңдығы биттің қабығындай ғана" дейді депутат Нұржан Әшімбетов.

Ал құрылысқа бөлінген қаржының қызығын жемқорлар көрген.



Жергілікті жұрт болса "мердігер компания Мәжһүр Жүсіптің кесенесіне апарар тас жолдың құрылысына бөлінген ақшаны жамбасқа басқаны үшін әулиенің қарғысына ұшырады" дейді.

"Әулие мұндайды кешірмейді. Кесене жанынан өтіп бара жара жатқан маскүнемнің көлігі міндетті түрде бұзылады. Қара ниетті, теріс пиғылды жандар кесенені айналып өтуі керек.

Кесенеге апарар тас жолдың құрылысына бөлінген қаражатқа джип сатып алған мердігердің бірі дәл осы арада аударылып қалған.    


Бұл жолға бөлінген ақшаны асап алғысы келген әкімдердің ешбірі оңған жоқ", – дейді баянауылдықтар.

Ал САПА+ ЖШС-ның беделіне әлдеқашан дақ түскен екен. Мемлекеттік сатып алу реестрінде бұл компания өз жұмысын соңына дейін орындамайтын мекеме ретінде "қара тізімге" еніпті.

"Мұндай компанияның біздің өңірде қалай, қайтіп жұмыс істеп келгенін анықтаймыз", – дейді Павлодар өңіріндегі Коррупцияға қарсы қызметтің басшысы Айдар Тастеміров.

...

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, өз туған ауылында сопылардың соңғы ұрпағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1931 жылы жер қойнына тапсырылады.⠀

Өзінің өліміне 10 жыл қалғанда 1921 жылы Мәшһүр Жүсіп бар туыс-тумасын жинап, бір жерді анықтап көрсетіп: «Менің мазарымды осы жерден қазыңдар. Мені жатқызып емес, отырғызып жерлеңдер. Әлсін-әлсін хабар алып тұрыңдар, менің денем 40 жыл бойы бұзылмай сақталады» деген екен. Қайтыс боларынан тура бір жыл бұрын үлкен келіні Ақ Зейнептің інісі Дұсжанға мазарын қаздырып бастайды. Өзі үнемі басы-қасында отырып, енін, ұзындығын қадағалайды.⠀

Мазар дайын болған соң алыс-жақын ағайын-ауылын жинап, көзі тірісінде өзінің жаназасын шығарып, құрбан шалып, ас бергізеді.⠀

Мұның себебін сұраған ауылдастарына: «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін. Жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын. Мен өлген соң қатты әлсірейсіңдер. Ас беріп, жаназа намазымды оқытпақ түгілі, бақа-шаян теріп кетесіңдер», – деп 1931 жылғы ашаршылықты күні бұрын болжаған екен. Расында сопы жан тапсырған соң әлсіреген туыстары әулиенің мәйітін дайын мазаратқа әрең апарып жерлейді.⠀

Содан соң әулие Мәшһүр Жүсіп сөзін былай деп жалғайды: «Жұт келеді. Қалың қазақ қырылады. Жұттан аман шыққан ел 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүреді. Одан кейін елді 30 жыл ұры-қарылар былықтырады. Осының бәрінен өткен соң ғана қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады» деп болжаған екен.⠀

Әулие Мәшһүр Жүсіптің 4 болжамы орындалып кетті.

Олар:

✓ өзінің өлімі

✓ ашаршылық

✓ 70 жыл атейстік компартия

✓ 30 жыл ұры-қарының билеуі.⠀

Енді бесіншісі бейбіт, бейқам заман 2021 жылдың соңына келіп тұр екен. Билікке адал сүт емген, халқына қайырлы басшылар келеді деп болжаған екен.

https://youtu.be/nD67mVJyuMo

Рекомендовать
Последние новости