Марқұм Шерзаттың үйін өртеген күдіктілер әлі табылмаған

Қаракөз Амантай 12 дек. 2024 09:29 849

Марқұм Шерзат Болаттың отбасының адвокаты Саида Тәукелева үйді өртеген күдіктілердің әлі күнге дейін анықталмағанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Біз облыс прокурорымен кездестік, ол тергеу барысы жайлы толық ақпарат берді. Оның айтуынша, іс аяқталуға жақын, себебі қажетті сараптамалар мен процедуралар орындалған. Дегенмен әзірге күдіктілер анықталған жоқ. Тергеу барысында үлкен жұмыс атқарылғанын айтты, бірақ нәтиже жоқ,” – деді адвокат.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.

Сонымен қатар Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.

Осы тұста белгілі саясаттанушы Ғазиз Әбішев Талғардағы төбелес кезінде қаза тапқан Шерзат Болаттың үйінің өртеніп кетуіне қатысты ойын айтқан еді.

"Мұнымен біреу мемлекетке бір нәрсені ымдап отырған сияқты: мемлекеттің қолынан түк келмейді, мемлекеттік ешкім құрметтемейді, елде тәртіп сақталмай жатқанын және бәрі біртіндеп ыдырап жатыр дегенді жеткізгісі келіп отырған сияқты. 

Бүгін үй өртенді. Ертең италиялық мафиялар туралы фильмдердегідей судьялармен, комиссарлар мен шенеуніктермен төбелес бастала ма? Алдағы күндері қылмыскерлердің Қазақстанның қауіпсіздік аппаратының мүмкіндіктеріне қаншалықты дұрыс баға бергенін көреміз",- деді Әбішев. 


Рекомендовать
Последние новости