Мақтааралда Тұңғыш Президент күніне орай салтанатты кеш өтті

Dalanews 30 нояб. 2018 06:46 701

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Мақтаарал ауданында салтанатты кеш өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, айтулы мерекемен барша мақтааралдықтарды құттықтады.

«Бұл күн – барша отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке бастайтын күн. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың ілгерілеу мен өркендеу жолымен келеді. Биыл Елбасымыз киелі Мақтаарал ауданын тарихи қалпына келтіріп, мақталы өлкенің болашағын айқындап берді. Соның арқасында 21 жыл бойы шетте қалып, дамудан кешеуілдеген Мырзакент пен Атакент кенттері, бізге қарасты 9 ауылдық округ дамудың даңғыл жолына түсті.

Біз жаңа ауданда мәдениет пен өнерімізді, білім мен ғылымды, өнеркәсіп пен бизнесімізді дамыту арқылы ұлы мақсаттарға жететін боламыз. Мақтаарал ауданына бірнеше рет аяқ басқан ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев мақтааралдықтарға үлкен сенім білдіретінін айтқан.


Мәселен, «Мақтаарал – Оңтүстік Қазақстанның» жүрегі деген сөзі әлі күнге дейін бізге шабыт береді. Міне, Елбасымыздың сенімі үдесінен шығу мақсатында ауданда ауқымды істер атқарылып, тарихи қалпына келген Мақтааралды дамытуға бағытталған жаңа жобалар жасалуда.

Осынау ел халқының бірлігі мен берекесін ұлықтап, мемлекеттің мерейін асыратын мереке күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!» - деді Бақыт Нәсірханұлы.

Салтанатты жиында аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, Елбасымыз туралы әндер шырқалды. Сондай-ақ, мереке аясында өткізілген жыр мүшәрасынан жүлделі орын алған оқушылар жырдан шашу шашып, қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.

 

Рекомендовать
Последние новости