Маңғыстаудағы Отпан таудың басында «Бірлік оты» жағылды

Dalanews 14 мар. 2022 05:03 1517

13 наурызда «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде бірлік алауын жағу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев барлық маңғыстаулықтарды айтулы мерекемен құттықтап, келісіммен мен бірлікке, Отанға деген махаббатқа үндейтін «бірлік отының» мән мағынасын атап өтті.

– Отпан таудың басында алау ең алдымен  халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жанын берген ата-бабаларымыздың рухына тағзым ету үшін жағылады. Ол халықтың бірлігін білдіреді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, тәуелсіздігімізді жариялай отырып, біз ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын орындадық. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ел мен бірліктің, игілік пен өркендеудің тірегі болған біздің жолымыз елімізге табыс әкелсін. Бүгінгі «бірлік алауы» біздің бірлігіміздің символына айналсын. Руға, жүздерге, ұлттарға бөліспей – бәріміз ортақ Отанымызға адал қызмет етеміз. Мерекелеріңізбен Амал! Біздің бірлігіміз мықты, ал тәуелсіздігіміз мемлекеттің мәңгілік негізі болсын, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Амал мерекесінде үлкен рухани мағына жатыр. Бұл күні тұрғындар ата-баба рухына қыстан аман-есен шыққаны үшін алғыс айтып, Бір-бірін көктемнің келуімен құттықтап, реніштерін кешіреді.


Ал Маңғыстаудың ең биік нүктесінде от жағу дәстүрі үлкен тарихи мағынаға ие. Жау жақындағанда жауынгерлерге белгі беру үшін от жағылған. Бүгінгі күні бұл ел бірлігі мен ынтымағының оты болып жағылады.

Айта кетсек,  2008 жылдан бастап Отпан Тауда Амал мерекесі тойлана бастады. Содан бері от мереке кезінде, ата-бабаларын еске алу үшін жағылады. Ол халықтың бірлігін білдіреді.

Шара барысында қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтардың рухына құран бағышталды. Сондай-ақ халқымызды бірлікке, татулыққа шақыратын өңір ақсақалдарының қазақстандықтарға үндеуі жарияланды.


Рекомендовать
Последние новости