Мәжіліс Үкіметке ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейін 8,5%-ға дейін көтеруді ұсынды

Кәмшат Тілеухан 11 дек. 2024 12:23 645

Мәжіліс "Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігі туралы" Жоғары аудиторлық палата есебін назарға ала отырып, қаулы шығарды. Онда Үкіметке ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейін 8,5%-ға дейін көтеру ұсынылады, деп жазады Dalanews.kz.

Депутаттар Үкіметке мыналарды ұсынады:

  1. ЕАЭО елдерінің келісілген агроөнеркәсіптік саясат шараларын іске асыру жөніндегі міндеттемелерін сақтау бойынша дәйекті жұмыс жүргізуді,
  2. Қазақстандағы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейін Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімімен бекітілген әдіснамаға сәйкес 8,5% көлеміне дейін жеткізуді,
  3. ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көрсеткішін жылына 8-10%-ға жеткізу мақсатымен жеңілдетілген несиелендіру мен лизингке қаржыландыру көлемін ұлғайтуды,
  4. ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында өндірістер ашу және олардың жергілікті деңгейде іске асырылуын арттыру мәселелерін қарастыруды.

Сондай-ақ құжатта Ауылшаруашылығы министрлігіне бөлінетін субсидияларды нысаналы индикаторларға қол жеткізуге бағыттай отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды стратегиялық жоспарлауды жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдау ұсынылады.

Ал жергілікті атқарушы органдардың саланы субсидиялау, субсидиялар бойынша төлемдерді кідіртуге жол бермей, бюджет қаражатының пайдаланылуын мониторингілеу және бақылау жөніндегі қызметін үйлестіруді күшейту қажет.

Субсидия алушылар қарсы міндеттемелері ретінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің озық, экология тұрғысынан қауіпсіз және инновациялық агротехнологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етілетін нақты көрсеткіштерге қол жеткізуге тиіс.

Облыстық әкімдіктерге әртүрлi субсидиялар бойынша төлем мерзiмдерiнiң бұзылуына жол бермей, агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы іс-шараларды қаржыландыруды бюджеттiк жоспарлау сапасын арттыру, субсидиялау бағдарламаларына барлық қатысушы үшін ақпаратқа және консультацияларға қолжетімділікті арттыру жөніндегі шараларды қабылдау ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген адамдардың жауапкершілігін қарау туралы аудиторлық іс-шара нұсқамаларының орындалуына бақылауды жүзеге асырсын және 2025 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде олардың орындалуы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне ұсынсын.

Аталған қаулының орындалуын бақылау ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Альберт Рауға жүктелгені де нақтыланады.

Бұған дейін бүгін Мәжілісте депутаттар алдында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ауылшаруашылығындағы түйіткілді мәселелер, оның ішінде субсидия бойынша есеп бергенін жазғанбыз. Оның айтуынша, 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес.


Рекомендовать
Последние новости