Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сотталып жатқан Астананың мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловқа тек прокурор тарапынан ғана емес, жақын туыстарынан да айып тағылды. Мажағұловтың туысы Ұлпан Бегәлина экс-шенеунікке қатысты былықтың бетін ашты, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Ұлпан Бегәлина әлеуметтік желілерде жазба жариялап, Мажағұловтың командасы оны әлеуметтік желіде “парасатты” адам ретінде көрсетуге тырысып жатқанын және оның өткен өміріне қатысты жаман пікірлерді өшіріп тастап жатқанын айтты.
Бегәлинаның сөзінше, миллиард теңге жымқырды деп айыпталып отырған бұрынғы мәдениет басқармасының басшысы 10 жыл бойы отбасынан некесіз туған балаларын және көңілдесін жасырған. Болжам бойынша, ол Астананың дәл ортасында сол әйелге сұлулық салонын ашып берген.
– Жазбаларыңызда сіз, Болат Бауыржанұлы, конституциялық құқықтарыңызды сақтау туралы айтасыз. Әділдік үшін, онда өзіңіздің заңды балаларыңыздан әкесі мен толық отбасында өмір сүру құқығын қалай айырғаныңызды айтып беріңіз. Егер сіз осы құқықтан айырып, оларға моральдық және жан жарасын салсаңыз, ер азамат ретінде жауапкершілік арқалаңыз. Қазір Болат Бауыржанұлы өзін қоғам алдында адал, парасатты адам ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ оның заңды отбасына қатысты әрекеттері мүлде басқа нәрсені аңғартады, дейді Бегалина.
Еске салайық, экс-шенеунік Болат Мажағұловтың ұсталғаны туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті. Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді.
2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған "Күн" ("Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы") субырқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.
Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр.
Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр.
Күдікті, Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер.
Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.