Мажағұлов субұрқақ салуға бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

Көркем Алдабергенова 10 сент. 2024 09:04 2987

Астана қаласының Мәдениет басқармасын басқарған Болат Мажағұлов пен мердігерлер субұрқақ құрылысы кезінде 1 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті. Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған "Күн" ("Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы") субырқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.

Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр.

Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр.

Күдікті, Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер.

Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.


Рекомендовать
Последние новости