LRT-ның тағы бір былығы әшкереленді

Dalanews 10 окт. 2019 09:02 939

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана LRT" ісі бойынша тергеудің тың мән-жайлары анықталғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Құрылыстың үш кезеңін де тергеп жатқан ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылды. Техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттаманың негізділігі, орындалған құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі, техникалық бақылау ісінің бәрі де тексеріліп жатыр. Осыған байланысты аталған саланы арнайы зерттей алатын мамандар мен сарапшыларды жұмысқа тартып жатырмыз", - деді елордада өткен бүгінгі брифингте агенттіктің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов.

Оның айтуынша, іске қатысты барлық құжаттар қазіргі уақытта тәркіленген. Сол құжаттарға орай экономикалық және құрылыс сараптамалары тағайындалған.

"Қаржы мамандары экономикалық есепті жүргізіп жатыр, ал құрылыс сарапшылары салынып қойған нысандардың бақылауын аяқтады. Ұлттық банк пен Есеп комитетінің араласуымен Қытайдың даму банкінен "Астана Банкіне" салынған қаражаттың негізділігі мен заңдылығы да тексерілуде. Сонымен бірге, тергеу жымқырудың жаңа схемасын анықтап жатыр", - деді ол.

Агенттік ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2014 жылы "Астана LRT" ЖШС жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде жоғарылатылған бағамен келісім жасаған.

"Мемлекеттік сараптамаға белгіленген 2,6 млрд теңгенің орнына LRT-мен 4,2 млрд теңгенің келісімі жасалған. Ол қаражаттың 3 млрд теңгесі мердігерлерге берілген. Айырмашылық 412 млн теңгені көрсеткен. Аталған сома қолма-қол ақшаға ауыстырылып, жалған кәсіпорындар арқылы жымқырылған", - дейді ол.

Рекомендовать
Последние новости