Лотерея, ұтыс өткізетіндер де назарға ілікті: Кейбір блогерлерге тексеріс басталады

Сағыныш Сардарова 10 апр. 2025 09:42 445

Қазақстанда кейбір блогерлерге қатысты тексеріс басталмақ, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзінше, блогерлермен жүргізілген жұмыс нәтижесінде бір ай ішінде бюджетке қосымша 9 миллиард теңге түскен. Бұл сома блогерлер Мемлекеттік кірістер комитетінің ескертуінен кейін ерікті түрде тапсырған жаңа декларацияларда көрсетілген.

“Бір ай ішінде осы сома бюджетке түсті. Кейбір блогерлерге қатысты тексеріс басталады. Себебі олар қойылған талаптармен келіспеді. Сондықтан жұмыс жалғасып жатыр", – деді вице-министр.

Көптеген блогердің лотереялар мен ұтыс ойындарын өткізуі заңбұзушылық саналады, сондықтан оларға санкция қолданылуы мүмкін.

"Қазір көптеген блогер лотерея, ұтыс ойындарын өткізіп жатады. Бұл заңмен тыйым салынған әрекет екенін ескерткім келеді. Сондықтан оларға да санкциялар қолданылуы мүмкін. Заң аясында жұмыс істеу керек", – деп ескертті министрлік өкілі.

Ержан Біржанов "салық төлеуден жалтарғаны үшін блогерлерге қылмыстық іс қозғалуы мүмкін бе?" деген сұраққа жауап берді.

"Қылмыстық істі біз қозғамаймыз. Біз тек салық тұрғысынан қараймыз, есептеп, қосымша өндіріп аламыз. Ал лотерея қызметі туралы заңбұзушылықтар бойынша уәкілетті орган - Спорт және туризм министрлігінің тиісті комитеті. Бұл тұста әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер сомалар белгілі бір шектен асып кетсе, материалдар құқық қорғау органдарына беріледі", – деп түйіндеді вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет блогерлер мен инфлюенсерлердің лотерея өткізуін заңсыз деп мәлімдеді.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі Instagram, TikTok, Meta сынды әлеуметтік желілермен тығыз жұмыс істеп, ақпараттық кеңістіктің ашықтығын қамтамасыз ету және алаяқтық схемалардың жолын кесу бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Инфлюенсерлер табысын кәсіпкерлік қызметке жатқызу критерийлерін әзірлеу мәселесіне тоқталған Жұманғарин заң бойынша инфлюенсер (блогер) онлайн платформада белгісіз тұлғалар тобына арналған ақпарат жариялайтын және оны кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асыратын пайдаланушы екенін айтты.


Рекомендовать
Последние новости