Үкімет блогерлер мен инфлюенсерлердің лотерея өткізуін заңсыз деп мәлімдеді

Қаракөз Амантай 31 нау. 2025 09:50 571

Қазақстан Үкіметі әлеуметтік желілердегі ұтыс ойындарына қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Халық пен блогосфера өкілдерін заңнаманы сақтаудың маңыздылығы жөнінде хабардар ету мақсатында цифрлық ортада құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл іс-шаралар «Заң және тәртіп» медиа-жоспары аясында жүзеге асырылып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған (заңсыз лотереялар, жалған тренингтер мен күмәнді акциялардың алдын алу)”, — деді Мәжіліс депутаттарының сұрағына жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі Instagram, TikTok, Meta сынды әлеуметтік желілермен тығыз жұмыс жүргізіп, ақпараттық кеңістіктің ашықтығын қамтамасыз ету және алаяқтық схемалардың жолын кесу бойынша шаралар қабылдауда.

"Цифрлық ортадағы заң талаптары мен заңсыз әрекеттердің салдары туралы ақпараттық материалдар таратылып жатыр. Интернет кеңістігін тәулік бойы бақылау жүргізіліп, құқық бұзушылықтарды анықтау және жедел әрекет ету шаралары қолға алынған. 2025 жылдың басынан бері мониторинг барысында интернет-алаяқтықтың 1870 фактісі анықталды, оның 389-ы әлеуметтік желілерде орын алған. 1480 интернет-ресурс пен сілтемеге қолжетімділік шектелді. Интернет-казино қызметіне қатысты 8616 заңбұзушылық анықталып, оның 6399-ы әлеуметтік желілерде тіркелген, 2195 интернет-ресурс пен сілтеме бұғатталған", — деп толықтырды министр.

Инфлюенсерлер табысын кәсіпкерлік қызметке жатқызу критерийлерін әзірлеу мәселесіне тоқталған Жұманғарин заң бойынша инфлюенсер (блогер) – бұл онлайн-платформада белгісіз тұлғалар тобына арналған ақпарат жариялайтын және оны кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асыратын пайдаланушы екенін айтты.

"Қолданыстағы заңнамада инфлюенсерлердің кәсіпкерлік қызметі реттелген және цифрлық ортада заңсыз лотереялар мен өзге де құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік белгіленген", — деп атап өтті вице-премьер. Оның айтуынша, лотереяны лотерея операторы болып табылмайтын адамның өткізуіне тыйым салынған.

Қазақстанда ресми лотерея операторы ретінде 15 жылға лицензия берілген "Сәтті Жұлдыз" акционерлік қоғамы бекітілген.

"2024 жылдың 1 қаңтарынан 2025 жылдың 20 наурызына дейін «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң нормаларын бұзудың 169 фактісі анықталып, 19 нұсқама берілді. Туризм және спорт министрлігінің ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу комитеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабына сәйкес заңсыз лотерея ұйымдастырғандарды жауапкершілікке тартады. Заңбұзушыларға 100-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл салынып, заңсыз жолмен алынған табысы тәркіленеді. 2024 жылдың ақпан айынан бастап комитеттің Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен жүргізген жұмысы нәтижесінде 113 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар Үкіметтің бақылауында", — деп түйіндеді Жұманғарин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар