Лос-Анджелесте орман өртеніп, салдарынан 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Fox News телеарнасының мәліметінше, 10 мыңнан астам үй отқа оранған. Ал өртенген аумақтың жалпы көлемі 12 мың гектардан асты.
Айта кетейік, Калифорния штатындағы орман өрті 7 қаңтарда басталды. Бұл мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіріп отыр. Жалпы алғанда, жеті ірі өрт ошағы тіркелген, олардың бірі Лос-Анджелестің әйгілі Голливуд төбелерін шарпыған. Сондай-ақ өрттен шоу-бизнес жұлдыздарының элиталық үйлері де зардап шекті. Алдын ала бағалау бойынша, материалдық шығын 50 миллиард доллардан асады.
Жағдай әлі де күрделі. Апат болған аймақтан 180 мыңнан астам адамды шұғыл эвакуациялау туралы бұйрық берілді. Жергілікті билік пен құтқарушылар өртті ауыздықтау үшін бар күшін салып жатыр. Алайда апат әзірге басылмай тұр.
Сонымен қатар Лос-Анджелес полициясы мен құтқарушылары өртпен ғана емес, қылмыспен де күресіп жатыр. Олар эвакуацияланған тұрғындардың үйлерін тонады деген күдікпен 20 мародёрды ұстады.
Еске салайық, бұған дейін “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ – “Болашақ” бағдарламасының әкімшісі Калифорния штатында орын алып жатқан өртке байланысты мәлімдеме жасаған еді.
“Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ Калифорния штатындағы орман өртімен байланысты жағдайды мұқият бақылауда. АҚШ-тың Калифорния штатында Қазақстанның 73 стипендиаты білім алып жатыр, оның ішінде “Болашақ” бағдарламасы бойынша 56 студент және “Ғылыми тағылымдама” бағдарламасы бойынша 17 студент оқуға барған”, – делінген жұма күнгі хабарламада.
Мәлімдемеде барлық стипендиаттың қауіпсіз жерде екені және кураторлармен байланыста екені айтылған.
“Стипендиаттар жергілікті билік ұсынған нұсқаулықтарды орындап, бізді жағдай туралы жедел хабардар етіп отыр. Біз университеттермен тұрақты байланыстамыз және кез келген өзгерістерге дайынбыз", – деп сендірді орталық.
Сонымен қатар стипендиаттарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.