Ким мен Огайдың мыс компаниясының таза табысы 2,5 есе азайды

Dalanews 26 июн. 2024 17:08 4410

Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі Kazakhmys Copper компаниясы 2024 жылдың I тоқсанында таза табысын былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 2,5 есе азайтқан. KASE қазақстандық қор биржасының сайтында жарияланған аралық қаржы есебіне сүйенсек, биылғы таза табыс мөлшері — 25,6 млрд теңге. Былтыр ол көрсеткіш 64,7 млрд теңге болған еді.    

2024 жылдың I тоқсанында компанияның сатып алушылармен жасасқан келісімшарттарынан түскен табысы 306 млрд теңге болып отыр. 2023 жылдың осы кездегі көрсеткіші 395 млдр теңге болған еді. Осы қаражаттың басым бөлігі катодты мыс (218 млрд теңге), құйма алтын (36 млрд теңге) және түйіршік күміс (17 млрд теңге) сатқанның есебінен түскен.    

I тоқсандағы өнімдердің негізгі сатып алушылары қатарында Қытай (125 млрд теңге, былтыр — 101 млрд теңге), Түркия (92 млрд теңге, былтыр — 150 млрд теңге), Қазақстан (62 млрд теңге, былтыр — 73 млрд теңге) мен АҚШ (6,9 млрд теңге) бар. Америка Құрама Штаттары негізгі сатып алушылар қатарынан Ұлыбританияны ығыстырды. 2023 жылдың I тоқсанында ол 16 млрд теңгеге өнім сатып алған еді. 

Сатылған өнімнің таза құны 211 млрд теңгені құрады, осылайша компанияға 94 млрд теңге көлемінде жалпы табыс түскен. Салық ұсталғанға дейінгі пайда 36,5 млрд теңге болды. Үш ай ішінде компания 10,8 млрд теңге мөлшерінде корпоративтік табыс салығын төледі. Ал  бір жыл бұрынғының көлемі 16 млрд теңге болған.


Рекомендовать
Последние новости