Көші-қон саясаты. «Ата жолы» картасы шеттегі қазақ кәсіпкерлерін елге тартады

Dalanews 10 авг. 2023 08:33 1387

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру туралы баяндады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сөз басында ол Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде соңғы 10 жылдықта алғаш рет көші-қонның оң үрдісі қалыптасқанын атап өтті.

– Елімізге негізінен ТМД елдерінен Қытай және Моңғолия мемлекеттердің азаматтары тұрақты тұруға келуде. Бұл ретте техникалық, экономикалық, педагогикалық және медициналық мамандықтары бар шетел азаматтары көбірек келе бастады, – деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, ЕХӘҚМ басшысы жыл басынан бері 160 мыңнан астам тұрғын ел ішінде қоныс аударды деп хабарлады. Бұл ретте, еліміздің мегаполистері ішкі мигранттарды тартудың орталықтары болып қала береді: олардың үлесіне бүкіл ішкі ағынның 40%-ы тиесілі.

Содан соң вице-премьер көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.

– Бірінші бағыт – білім иммиграциясы. Мақсаты Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде айқындау болып табылады. Ол үшін заманауи кампустары, ғылыми зертханалары бар салалық университеттерді құру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда қазақстандық жоғары оқу орындарының базасында шетелдік жоғары оқу орындарының 6 филиалы құрылды, – деп хабарлады министр.


Екінші бағыт – бизнес-иммиграция шеңберінде елдің инвестициялық тартымдылығын кеңейту бойынша шаралар қабылдануда.

– Біз А-5 санатындағы инвесторларды шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алудан босаттық. Жыл басынан бері мұндай инвесторлық визалар 76 шетелдік азаматқа берілді, – деп толықтырды Тамара Дүйсенова.

Әлеуетті инвесторлар үшін «бір өтініш» қағидаты бойынша шетелдік мекемелерде ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі оңайлатылды.

Инвестор-бизнесмендерді қосымша тарту үшін инвестициялық визалық шекті төмендету жоспарлануда.

Тамара Дүйсенова сондай-ақ Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде шетелде табысты бизнес-кейстері бар этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілгенін хабарлады. Бүгінгі күні «Ата жолы» картасын алушылардың алдын-ала тізімі жасалды, оған 50 этникалық қазақ енгізілді.


Үшінші бағыт шеңберінде Қазақстанға білікті шетелдік мамандарды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сұранысқа ие кәсіптердің бекітілген тізбесі аясында нақты жұмыс басталды.

Енді тізімде кәсіптері бар шетелдіктер жеңілдетілген тәртіппен тұруға ықтиярхат алуға өтініш бере алады.

Сонымен қатар, Рұқсат берудің жаңа қағидалары қабылданды. Басты жаңалық – енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істеуге болады.

Рұқсатнамалар берудің негізгі шарты мұндай мамандардың ел еңбек нарығында болмауы және жұмыс орнында қазақстандық мамандардың үлесі 95 пайыздан төмен болмауы қажет.

– Этностық иммиграцияны регламенттейтін келесі бағыт шеңберінде «қандас» мәртебесін алуға өтініштерді қабылдау тетігі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілдеден бастап Қазақстанның консулдықтары шетелдегі қазақтардың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады.

Сонымен қатар, қандастарды қоныстандырудың жаңа алгоритмі қабылданды. Енді қабылдау үшін өңірді айқындау 4 негізгі санат бойынша жүзеге асырылады: жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту; отбасын қауыштыру; Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беру; даму әлеуеті бар елді мекендерге қоныстандыру, – деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Жыл басынан бері Қазақстанға барлығы 13,5 мың қандас келді, оның 8,5 мыңы еңбекке қабілетті. Олардың барлығы әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылды.

– Көші-қон саясаты тұжырымдамасы шеңберінде шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам адам болған.


Еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Еңбекмині Түркиямен, БАӘ, Ұлыбританиямен және т.б. елдермен жаңа келісімдер жасасуға бастамашылық жасау жөнінде қосымша шаралар қабылдады.

Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталуда.

Біз migration.enbek.kz порталы арқылы осы жүйеге жұмысқа орналасу мүмкіндігін қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, құжаттарды ресімдеуге, міндетті медициналық тексеруден өтуге және т. б. көмектесу үшін тиісті жұмысты еңбек ұтқырлығы орталықтары жүргізеді, – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Алтыншы бағыт шеңберінде жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді теңестіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін ішкі ұтқырлықты ынталандыру шаралары қабылданады.

«Жалпы, биыл «Серпін», «Ауыл аманаты», «Ауыл ел бесігі», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын іске асыру нәтижелері бойынша 33 мыңнан астам адам мемлекеттік қолдау шараларын алады», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Ішкі қоныс аударушылар үшін жаңа құрал – тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қаржылық көмек алуға құқық беретін, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде (жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған жағдайда) экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Бүгінгі күні аталған сертификаттар 224 отбасына берілді.

«Келесі бағыт – босқындармен жұмыс. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойыншы елімізде 628 пана іздеушілер мен 333 босқын бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азиядағы аймақтық басқармасымен бірлесіп, жоғары айтылған азаматтардың әлеуметтік құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, медициналық және әлеуметтік көмек көрсету шаралары әзірленді


Геосаяси тәуекелдерді, оның ішінде пана іздеп жүрген адамдардың жаппай ағынын ескере отырып, Үкімет оларды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастырудың тиісті қағидаларын бекітті», – деді Тамара Дүйсенова.

Ол сондай-ақ көші-қон процестерін реттеу жүйесін цифрландыру басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті.

– Бүгінде біз мигранттарды тіркейтін бірыңғай жүйе құру үшін қолда бар ақпараттық жүйелердің бәрін өзара интеграциялауға кірістік. Шетелдегі мекемелеріміз үшін «Қандас» атты жаңа функционалды автоматтандырылған ақпараттық жүйені іске қосу басталды.

Қазіргі уақытта Ресей Федерациясындағы, Моңғолиядағы және Түркіменстандағы өкілдіктер жаңа функционалға қосылды. Жақын арада тағы 26 ел үшін қолжетімділік ашылады, – деді министр.

Сөз соңында вице-премьер қабылданып жатқан шаралар көші-қон саясатын тиімді «өзгертуге» және геосаяси жағдайдағы өзгерістерден барынша пайда алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Рекомендовать
Последние новости