Коронавирус жұқтырған Лукашенконың төңірегі арты-артынан сұлап жатыр

Dalanews 12 дек. 2020 19:26 835

Коронавирус Беларусьтің мойындалмаған президенті Лукашеноның маңындағы адамдарға шүйлігуде деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алдымен президент әкімшілігінің жетекшісі Игорь Сергиенко сұлап түскен-тін, артынан Батьканың баспасөз хатшысы Наталия Эйсмонт та індеттің тырнағына іліккені белгілі болды.

Жұмысқа ат ізін салуды қойған Эйсмонт вирус жұқтырғанын хабарлауға жүрегі дауаламай жүрген көрінеді.


Лукашенконың маңайындағы шенеуніктердің жаппай вирус жұқтырып жатқаны әлемжеліде тарап кеткен телефон әңгімесінен кейін әшкере болды.

Беларусь қауіпсіздік комитетінің төрт қызметкері Эйсмонт бастаған Батьканың сенімді серіктерінің күбірлесуінен күдіктеніп, тың тыңдайды. Телефондағы әңгіме артынша әлемжеліге тарап кетеді.

Лукашенконың көмекшісі Николай Латышенкоға хабарласып, мұңын шаққан Эймонт өзінің дәм, иіс сезбей қалғанын айтады.

«Мен білсем бұл коронавирустың белгісі. Бастығыма айтшы, жұмысқа әлі бара алмаймын. Әлсіздік бар, басымды әрең көтеріп жүрмін. Бұл пәлекеттің кімнен жұққанын да білемін. Түнеукүнгі жиында Сергиенконың тап жанында отырғанмын», – дейді Эйсмонт.

Айта кетелік Лукашенко әкімшілігінің басшысы Игорь Сергиенко әзір хал үстінде, жағдайы ауырлаған оны жасанды тыны салу аппаратына қосқан.

Әлгі жиынға Лукашенко да қатысқан болатын. Телефон әңгімесінен белгілі болғандай Сергиенко бастығы жақтырмайтын болғандықтан жиынға маскасыз келген.

«Лукашкенконың төңірегіндегілер вирус туралы ашық айта бермейді. Төсек тартып жатып қалса да, тіс жармайды. Вирустың адам талғамайтынын, талай шенеунік осы індеттің құрығына ілігіп, ана өмірге аттанып кеткенін мойындағысы жоқ. Бәрі де Батьканың көңілі үшін…», – дейді Nexta телеграм каналы.

Беларусьтер өз арасында: «Біздің шенділер ауырмайды, ауырса да індеттен бұрын, Лукашенконың қаһарынан қорқады» дейді.


Беларусь саясаттанушысы Валерий Карбалевичтің пікірінше жанындағы адамдар індет жұқтырғанын естісе Батьканың қабағы кіржие қалады екен. Коронавирус жұқтырған шенеуніктің президент командасына қайта қосылуы да неғайбыл.

«Президент әкімшілігінің басшысы әлгі жиынға шатқаяқтап әзер келді. Енді Эйсмонт ауырып жатыр. Батька біліп қоймасын деп, жаны шығып барады. Бастығының қас-қабағын бағудан басқа білері жоқ бұларды аяп қажет емес», – дейді ол.

Айта кетелік Лукашенконың өзі күні кешегі дейін коронавируске сенбей келді әрі ресми жиындарда маска тағуға тыйым салды.

Карбалевичтің айтуынша бұл барлық диктаторға тән дерт. Олар қателескенін ешқашан, ешбір уақытта мойындамайды.

Рекомендовать
Последние новости