Көкпардан реванш бола ма? Қазақстанның ресми жауабы

Көркем Алдабергенова 20 сент. 2024 11:50 5188

Қазақстанның Көкпар федерациясы Қырғызстанның реванш өткізу туралы ұсынысына жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеме жасап. 

Федерациядағылар көкпаршылар қырғызстандықтар шақырған күнге "басқа маңызды шаруалар жоспарланғанын" айтады. 

"Қазіргі таңда көкпаршыларымыз басқа ойындарға дайындалып жатыр", - дейді Қазақстанның Көкпар федерациясы өкілдері. 

Бұған дейін қырғыздар қазақтарды тағы бір шешуші ойынға шақырған болатын. 

Қырғызстан тарапы 1 қарашада Ыстық-Көлде Келісім кубогын өткізуге шақырды. Қазақстан тарапына шақырту хаты бүгін жіберілген. 

"1 қарашада көкбөрі және көкпарды сол құраммен ойнауға шақырамыз. Бұл - спорт, ойын екі халық арасындағы алауыздықты тудырмауы керек. Біз халықтарымыздың келісімі үшін өз амбицияларымыздан бас тартуға дайынбыз. Судья басқа елден болады", - дейді көкбөрі федерациясының басшысы Рамис Джунусалиев. 

Еске салайық, 12 қыркүйекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында турнирдің финалында Қырғызстан мен Қазақстан құрамаларының көкпаршылары жаппай төбелесе жаздаған болатын.

"Ұлысмедиа" мәліметінше, бірінші таймның соңына 6 минут қалғанда 1:3 есебімен Қырғызстан құрамасы алға шыққан. Осыдан кейін жанжал басталып кетті. Спортшылар бірін-бірі қамшымен ұрды. Кейін полиция келіп, оларды ажыратты. Финал уақытша тоқтатылды. Қос тарап сабырға келіп, кейіннен ойын жалғасты.

Massaget.kz мәліметінше, ойын нәтижесі бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасы топ жарды. Отандастарымыз финалда қырғыз шабандоздарын ұтты. 

Екінші кезеңде Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп қана қоймай, 4:3 есебімен алға озған. Алайда қырғыздар ойын аяқталар тұста салым салып, нәтижені теңестіріп кетті. 

Қосымша уақыттағы сайыста 5:4 есебімен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.

"Көшпенділер ойындарының оқу-жаттығу жиынын жыл басында бастадық. Елді қуантамыз деген мақсатымыз болған еді. Қырғыз ағайындармен кездесу қиын болады деген едім. Расында солай болды. Десе де ел намысын қолдан бермей, үмітті ақтадық", – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.

Қырғызстандық спортшылар марапат аяқталғанын күтпей трибунадан кетіп қалды. 


Рекомендовать
Последние новости