Көкенайдың жебесі

Dalanews 03 апр. 2017 08:15 1138

немесе жеті атаның мәні

Әр ұлттың қалыптастырған өз дәстүрі, өз салты болады. Кей салттар – сол ұлттың ұлт болып сақталып қалуындағы алғы шарттарының бірі. Қазақтың сан ғасыр бойы қалыптастырған, бұзуға болмайтын дәстүрлерінің бірі – жеті атаға толмай қыз алысуға тыйым салу. Санның да философиялық ұғым берер тұстары мол. Батыс елдерін де көп жағдайда 13 санын жамандық шақыратын сан ретінде сезінеді. Мүмкін, бұл да бір олардың ұстанған жолы болар. Осы сияқты қазақ ұғымындағы 7 саны қасиетті сан есептеледі.

«Жеті саны – адамзат пен табиғат арасындағы бірізді байланыс, олардың терең тамырлығы, әлем сәулеті (жеті ата, жеті ұрпақ, жеті ғалам, жеті амал)», – деп жазады «Қазақ атаулары мен байламдары» деген кітапта. Бұдан ұғарымыз, жеті санының байланыстық қатынасында терең сыр бар екен. Бұл туралы Жәнібек ханның заманында өмір сүріп, артына кесек мұра қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» деген еңбегінде ханға: «...Қандық уылма, мерездік, миқұлалық, алалық, шала жарым сырқаттар болады. Одан сақтану үшін жеті атадан асқандар қыз алысып құдаласпағы шарт. Отыз, қырық ата араласса ұрпақ сапалы болмақ» деп кеңес береді. Осы кеңесті естіген Жәнібек хан: «Егер кімде кім жеті атаға толмай тұрып қыз алысса, өлім жазасы кесіледі», – деген жарлық шығарады. Осы жарлық кейін келе қазақтың салтына айналып кетті.

Тіпті, жеті атаға толмай құдандалы болу ру сүйегіне таңба басқанмен бірдей болып саналатын дәрежеге жетті. Бұдан сырт, қазақтың ежелгі неке салтында «бір анадан сүт емген екі рудың баласы некеленуге болмайды» деп шек қойған деген деректер де бар. Осыған байланысты екі рудың балаларының некеленіп қалуынан сақтану үшін жақын рулар аралық сақтап қоныстанған әрі ұрпақ сапалы болсын деп жеті өзеннің немесе жеті белдің ар жағынан, ауылы алыс, қонысы шалғай рулардан қыз алысатын болған. Осы туралы бір аңызда тезек теріп жүрген әйел үйде қалған баласын емізетін уағы болғанда, алыстап кеткен жерінен үйіне жеткенше омырауынан сүт ағып кетеді де шарасыз өзенге омырауын сауған екен. Содан ауыл адамдары әлгі өзеннен су алмай, жеті өзен аттап барып су алатын болыпты. Осы туралы қазақ халқында «жеті аунаған су таза» деген мақал да бар. Міне, бұлардан қазақ халқының үйленіп, отау құруға деген үлкен жауапкершілігін көруге болады (Мүмкін, Адам ата мен Хауа ананың Абылға Қабылмен бірге туған қызды, Қабылға Абылмен бірге туған қызды үйлендіруі де осы заңдылықтан болар).

      Француз географы Элизе Реклю: «Бүкіл еуропалық Ресейдің көлеміндей жерді Еділ жағалауынан Тарым алқабына дейін, Әмударияның аяғынан Ертіске дейінгі өңірді алып жатқан қазақ ұлтын бөгде әсерлерге ұшырамаған ең таза түрік нәсіліне жатқызуға болады. Олар жақыннан қыз алыспайтын егзогамистерге жатады», – деп жазса, 1736 жылы кіші жүз Әбілқайырдың ұлысында болған ағылшын суретшісі Кэстль Джон: «Мұнда жүргеніме сандаған айдың жүзі болды. Қырғыздардың (қазақтардың) түр-тұлғасы мен денсаулығы өте күшті. Бұған қоса айтарым, осы сапарымда бұлардың арасынан бірде-бір мүгедек пен ауру адамдарды ұшырата алмадым. Мұның басты себебі, қырғыздардың (қазақтардың) жылқымен етене байланысында жатқан тәрізді», – деген.

Элизе Реклю қазақтардың жақынынан қыз алыспайтынын ашық жазса, ал Кэстль Джон аурудың тым аздығын жылқымен етене болғандығынан деп күмәндана шешім жасайды. Жылқының да пайдасын жоққа шығаруға болмайды, десе де бұндағы денсаулықтың күшті болуы тағы сол қан тазалығында жатқаны белгілі жайт.

Қазақтың ғұлама ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр» дастанында да жеті атаға толмай үйленбекші болған қос ғашық Қалқаман мен Мамырға берілген ауыр жаза сөз болады. Ауыр жазаны атқарушы – Мәмбетай байдың қолбасшысы, батыр Көкенай. Әрине, адамдық мейірімділікпен қарасақ, Көкенайдың үкімі шектен шыққан қатыгездік екені ақиқат. Бірақ, жоғарыдағы жағдайларды ескерсек, Көкенай батыр ұлт, тіпті, адамзат үшін үлкен ерлік жасап отыр. Егер Қалқаман мен Мамырды үйлендірсе, одан кейінгі жастардың да солай жалғаса беруін тосу мүмкіндігі аз болар еді. Адамның емес, малдың да тазалығына ерекше мән беретін қазақ ұрпақтарының сау денелі болуын басты көзде ұстағаны белгілі жайт. Дастандағы уақиға желісіне сүйенсек, Қалқаман мен Мамырдың үш-төрт ата ғана аралаған жақын жандар екенін көреміз. Дастанда бұл туыстық:

Әнет бабаң – Арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молла, ғұламасы.

Орта жүзге үлгі айтқан әділ екен,

Сол кезде тоқсан беске келген жасы.

 

Кішік деген – бабаңның өз атасы,

Мәмбетей ол – Кішіктің бір ағасы.

Мәмбет сопы, Кішіктің шешесі бір,

Қатаған Тұрсын ханның ханшасы.

 

Біздің жетінші атамыз Әйтек деген,

Бабаңның бір туысқан інісі екен.

Әйтектің бәйбішеден жалғызы – Олжай,

Тоқалынан Байбөрі Қалқаманмен, – деп жазылады.

Жырдағы із бойынша жақындықты қусақ Кішік  Арғынның сол кездегі елге ұйтқы боп отырған Әнет бабаңның әкесінің әкесі болуы мүмкін. Жырдаға «Кішік деген – бабаңның өз атасы» делінеді.

Қазақтың жеті атасының топтастырылуы былай: бала ~ әке ~ ата  ~ үлкен ата ~ баба ~ түп ата ~ тек ата. Ал Мәмбетей бай Кішіктің ағасы. Сонда Әнет бабаң Мәмбетейдің де немере баласы сияқты болып келеді.  Ал Қалқаманның әкесі Әйтек – Әнет бабаның інісі. Демек, Әйтекте Мәмбетейге немере бала сияқты жақын болды деген сөз.

Жырдағы желі бойынша осылай жіктеп, Қалқаман мен Мамырдың жасын емес, қазақи жолын қусақ, Мамыр Қалқаманның үлкен анасы болып келеді. Өйткені, Мамырдың жолы Әнет бабаңның әкесімен тең тұр. Ал қазақи ұғымда анасын баласы алу деген өліммен барабар ұғым. Қалай екенін кім білсін, қазақ ауыз әдебиетінде көп кездесетін жайт байлардың яки патшалардың ұлы жоқ боп суреттеледі. Дастандағы Мәмбетей байдың да ұлы жоқ, тек кіндігінен жалғыз қыз Мамыр ғана. Сондықтан да, Мамырды ескі салт бойынша бесік құда дегізіп ешкіммен атастырмаған. Ұлша киіндіріп өсірген. Бұл уақытша болса да әкенің өз көңілін жүдетпеу үшін істеген ісінің бірі болып саналмақ.

Дастанда бұл тұс былай беріледі:

Сол байдың он бес жасар қызы – Мамыр

Әрі сұлу, әрі есті, еркекшора.

Онан басқа бала жоқ әлгі байда,

Оны қыз деп еш адам айту қайда.

Байдың көңлі жабырқап қалама деп,

Жұрт жүрді құда болам дей аламай да, – деп суреттеледі.

Әкесінің көңіл қалауы бойынша қолына құрық алып жылқы бағып жүрген Мамырға жылқышы Қалқаман өз ынтықтығын білдіреді. Қалқаман талабына табанда жауап бермегенімен, ендігі жерде Мамыр ұлша жүруін қойып, қыздарша киінеді. Бұл аралықта Мамырға да басқа біреу құдалық түсіп үлгіреді. Өзіне басқа біреудің құдалық түскенін сезген Мамыр Қалқаманға болған жайды айтып, екеуі уәделі жерде кездеседі. Жүректің қалауымен жақындықты ұмыт қалдырған Қалқаман Мамырды алып қашпақшы болады. Осы кезде Мамыр Қалқаманға:

Қыз алған жоқ жақыннан тобықты әзір,

Өлтірем деп жүрмесін бізді қазыр.

Өзімді аяп тұрғам жоқ, сені аяймын,

Сен сау болсаң, болар ем мен-ақ нәзір, – деп, дәл екеуіне дейін Арғынның ішіндегі кіші ру тобықтының қыз алыспағанын тілге тиек етеді. Бірақ, соны біле тұра Қалқаманға еріп қашуы, тіпті, әбестік, ұятты іс. Бұның соңы өзінің өлімімен, Қалқаманның елден кетуімен ақырласады.

Осы уақиғадан кейін Әнет бабаға барған Олжайға, Әнет баба өзінің жаман түс көргенін айтады. Осы тұста Көкенай батырдың мінезінің бір образы «бітімсіз іс кез боп қалар ма екен, Көкенайдың мінезі қатаң еді» деп ашыла түседі. Қашанда батырдың мінезі осылай қатаң болары ақиқат. Халықтың қорғаушысы өз намысына һәм ұлт мүддесіне байланысты Мамырды төркіндеп келген кезінде садақпен атып өлтіреді. Ал осыдан соң Әнетке де кісі салып, тентегіңді өлтір, болмаса елдеспеймін деп кесім айтады. Дастандағы:

Көкенай жиды барып Мәмбетейді,

«Өлтірдім тентегімді өзім » дейді.

Бабаңа кісі салды дамыл бермей,

«Ол неге Қалқаманды өлтірмейді?».

 

Жақыным қызымды алды, ұнамаймын,

Қорлыққа тартып алған шыдамаймын.

Егер де Қалқаманды тірі қойса,

Ел болып Кішікпен бас құрамаймын

 

Оллаһи, біз кетеміз, қазыр ауып,

Менен басқа туысқан алсын тауып», – деп Көкенайдың қатал үкімін айтады. Бұл жердегі Көкенайдың қылығы шектен шыққан қанышерлік емес, қайта аса жауапкерлік, батырлық іс. Дастанның соңы трагедиялы аяқталады.

1982 жылы әдебиет саласындағы  Нобель сыйлығының иегері Габриэль  Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романында осы жайт сөз болады. Онда «...нәрестені аударып, етпетінен салған сәтте ғана олар баланың бойында басқа адамдарда жоқ белгі барын байқап қалды, екеуі де бір мезгілде көрмекке еңкейді. Бұл – торай құймышақ еді. Аурелиано да, Амаранта-Урсула да мұны қаперлеріне алған жоқ. Олар буэндиалар әулетінде болған хикаядан да бейхабар. Урсуланың жеті дүниеде жақын жұрағатпен қан араластырмаңдар деп зарлаған өсиеті де естерінде жоқ...» деп жақын туыс жұбайлардан торай құймышақ бала туғанын айтады. Бұл Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының зерттеуінің ақиқат екенін дәлелдесе, Мамырды атқан Көкенайдың қылығын ерлік деп бағалауға болатынын ашып көрсетіп береді. Дастанда да автор Көкенайды жаман көрсететіндей бір ауыз сөз қоспауындағы сыр да осыда жатқан болар.  Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» деген кітабында  түсік тастаудың себебі де қандастық араласпалылық туындатқан шала жарымдылық туылысы қозғындауынан болатыны әрі туған балада қанды уылмадан өлетіні жазылған. Содан да болар, сахара философы қазақ «жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» деп, бала ес біліп келе жатқанда-ақ жеті атасын жаттатқызған. Бұл руға бөлінушілік емес, ұлтты таза сақтаудың бірден-бір жолы. Дәл осы тұрғыдан алып қарағанда, Көкенайдың жебесі ұлт үшін атылған жебе екенін білесің әрі ерлігі әркімнің есінде жүруі шарт деп түйсінесің.

                                                                                              Қуанәлі Алмасбекұлы


 

 

 

Рекомендовать
Последние новости