«Айбынды алашым» жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды

Dalanews 03 апр. 2017 08:05 880

23 наурыз күні «Қызай ана» қоғамдық қоры Алматы облысы Талғар ауданы Өстемір ауылындағы Қызай ана көшесінің бойында мерекелік дастарқан жайды. Шараға ауыл тұрғындарымен бірге алыс-жақыннан келген мыңдаған азамат қатысты. Арасында қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, ақын-жазушылар, спортшылар, Қызай ана ұрпақтары болды.

Мерекелік шара «Қызай ана» қоғамдық қорының төрағасы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлының халықты ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, «Қызай ана» қоры жұмысын қысқаша таныстрып, сыйлы қонақтарға шапан кигізуімен бастады. Ауыл, аудан әкімдері, қоғам қайраткерлерінің ақжарма тілектерін айтып, ауыл ақсақалдары бата берді. Бұдан кейін жастар мен жасөспірімдер арасындағы спорттық жарыстар мен мерекелік концерттік бағдарлама қатар басталды. ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Тілеубек Қожан және Нұршат Зейіпхан, Әділ Сіләмхан, Асқар Әкімбек, Ләлә Бақытнұрқызы қатарлы бір топ әнші өнерпаздар әннен шашу шашып, бишілер сахнаны сәнге бөлеп, ақындарымыз жыр маржанын жаудырды.

Концерттік бағдарламаның ортасында «Қызай ана» қоғамдық қоры ұйымдастырған игі шаралардың марапаттауларына да кезек беріліп тұрды. Осы игі шараның бірі – жастарымызды білім мен ғылымға ынталантыру мақсатында жоғары оқу орындарында білім алып жатқан үздік студенттерге стипендия тағайындау. Ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы оқудағы жетістіктері мен қоғамдық жұмыстағы белсенділігі үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты Мұқтай Клараға 100 мың теңге, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті Болат Бүбісараға 70 мың теңге, Технология-экономикалық колледжінің 2-курс студенті Нұрданғали Жайнаға 50 мың теңге, Талғар ауданы Өстемір ауылы №14 мектебінің 9-шы сынып оқушысы Бегалы Байсалдыға 50 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етті.

[caption id="attachment_25407" align="alignleft" width="506"] Мүшәйра жүлдегерлері[/caption]

Естеріңізде болса, «Қызай ана» қоғамдық қоры Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына орай «Әдебиет» порталында «Айбынды Алашым» атты жас ақындар арасындағы жыр мүшәйрасын жариялаған болатын. Әділқазылар жеңімпаз деп белгілеген ақындарды марапаттау да осы Наурыз мерекелік шарасының аясында өтіп, жыр мүшәйрасының қазылары мен қор мүшелері жеңімпаз ақындарды салтанатты түрде марапаттады. Биылғы жылғы наурыз мерекелік дастарқан шығынын көтерген қор құрылтайшысының бірі Сабыржан Мұхаметханұлы жыр мүшәйрасының негізгі жүлде қоры 500 мың теңгені өзі атаған болатын. Әділқазылар алқасы

Бас жүлдеге баянауылдық жас ақын Еламан Хасенұлына берілді (200 мың теңге).

Бірінші орынды алматылық ақын Төлеген Меллат алды (150 мың теңге).

Екінші орынды алматылық жас ақын Айбол Исламғалиев иеленсе (100 мың теңге),

үшінші орын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 1-курс студенті Ғылымнұр Кәдірбайұлына бұйырды (50 мың теңге).

Сонымен бірге «Қызай ана» қоры ақын Талапбек Тынысбекұлы мен Балтабек Нұрғалиевке арнайы жүлде табыс етсе, жас кәсіпкер Жолдыбай Ошырбайұлы Алаш Тұрсынәлі мен Динара Мәлікке «Қызай ана» қорының атынан арнайы жүлде тағайындады.

«Қызай ана» қоғамдық қоры ақындар арасындағы мүшәйраны осымен екінші жыл өткізсе, Студенттер мен оқушыларға стипендияны бес жылдан бері тағайындап келеді. Сонымен бірге қор атынан белгілі кәсіпкер, «Қызай ана» қорының хатшысы, Алматыдағы «Сәттібай» компаниясының төрағасы Омарәлі Әділбекұлы да жыл сайын Талғар ауданы Өстемір ауылы №14 мектебінің отбасында қиыншылығы бар, оқуда озат 5 оқушыға 30 мың теңгеден қаржылай сыйлық беріп келеді. Биылда дәстүрге сай 1-сыныптан 7-сыныпқа дейінгі 5 оқушыға сыйлығын өз қолымен табыстады.

Мереке спорттық жарыстарда марапатқа ие болған жастар мен жасөспірімдердің сыйлықтарын табыс етумен мәресіне жетті. Келген барша қонақ арнайы тігілген кигіз үйлерде жайылған дастарқандарға ретімен кіріп кең дастарқаннан дәм татты.

Ескере кетейін, «Қызай ана» қоғамдық қоры ұйымдастырған Өстемір ауылындағы Наурыз мерекесінің дастарқанын әр жылы бір әулет не бірнеше азамат өз мойындарына алады. Спорттық шаралар мен жыр мүшәйрасының шығынын да дастарқан жайған азаматтар шығарады. Биылғы жылғы Наурыз мерекелік дастарқанын «Қызай ана» қоғамдық қорының төрағасы, тарихшы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы және інілері Әнуар Мұхаметханұлы мен Сабыржан Мұхаметханұлы жайды.

Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН

 

Суреттерді түсірген Бекзат ТҰРҒЫНҰЛЫ

Рекомендовать
Последние новости