Кісі болар баланың – кісіменен ісі бар...

Dalanews 25 дек. 2022 04:35 1115

Тақырыбызды осылай қойдық. Мұнда атасының емес, адамның баласы туралы айтылып тұр. Яғни, елдің ісінде шаруасы бар бала ертемен-ақ айналасының қамын күйттейді, халін біледі. Өйткені, қай елдің де ертеңі – жастар. Сондықтан бұл буынның өсіп-өнуіне, саяси тұрғыдан жетілуіне, мәдениетінің қалыптасуына, денінің саулығына кез келген билік, ертеңін ойлаған ел мүдделі. Жас ұрпақтың өз дәуіріндегі, өмір сүру кезеңіндегі саясатқа қатысу мәдениеті құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қажетті буыны болып саналатын жастар бірлестіктеріне деген сұранысты білдіреді.

Әдетте, азаматтық қоғам халық пен билік арасындағы өзіндік көпір іспетті. Бүгінде елімізде көптеген өзекті мәселелерді, халық мүддесіне сай проблемаларды көтеріп жүрген үкіметтік емес ұйымдар баршылық. Бірақ Қазақстандағы жастар саясаты туралы не айтуға болады? Жалпы, жастардың саяси-қоғамдық қозғалыстары қалай қалыптасып жатыр?

Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, елімізде 600-ге жуық жастар ұйымы тіркелген. Мемлекеттік мекемелердің жалпы саны – 22 344. Оның 8,66 пайызы – жастар саясатын жүргізу бағытында қызмет етеді.

Әрине, кез келген ұйымға көбірек мүмкіндіктерге ие болу және жұмысын кеңейту үшін жалпы идеялардан тыс қаражат қажет. Әлгі министрліктің тағы бір мәліметіне жүгінсек, ұйым гранттық байқауларға қатысу арқылы қаржыландырылады, яғни олардың барлығы мемлекеттен қолдау алады. Мысалы, тапсырыс беруші министрлік болса, гранттық конкурсты ұйымдастыру, іріктеу және бөлуді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүзеге асырады.


Жастар және отбасы істері комитетінің сарапшысы Гүлдана Аргенованың айтуынша, министрліктің міндеті – техникалық тапсырмалар мен жалпы іс-шараның тақырыбы мен тұжырымдамасын жасау.

«Біз іс-шараның тақырыбы мен тұжырымдамасын жасаймыз. Яғни, қандай мәселелер қамтылуы керектігі жөнінде нұсқаулар береміз. Конкурстың ережеге сәйкес іріктелуін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қадағалайды.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған грантты оператор азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту мақсатында береді.

Жалпы, біздің заманымызда қандай тақырыптар өзекті екенін айту қиын. Өйткені, министрліктегі әрбір комитет өз саласына сай тапсырмалар береді. Байқау мен шараның қорытындысы бойынша бұл ұйым министрлікке есеп береді», - дейді сарапшы.

2021 жылы Қазақстанда алты байқау өткен екен, жалпы саны 280-нен астам үкіметтік емес ұйымдардан 460 өтінім түскен. Тәуелсіз конкурс комиссиясы грант алған 44 ұйымды анықтады. Сонымен қатар өткен жылы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен бюджеттен тыс көздерден қаржыландырылатын жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асатын 53 гранттық жобаны жүзеге асырған. Жобаларды жүзеге асыру Қазақстанның барлық 17 аймағын және 3 қаласын қамтыды. Жобалардың ішінде жалпы сомасы 185 миллион теңгеден асатын тоғыз шағын грант бағдарламасы қарастырылған. Осы бағдарламалар аясында 298 шағын гранттық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 60 грант (әрқайсысы 500 000 теңге) тек 2009 жылы жүзеге асырылған бастамаларға берілді.

«Грантшыларымызбен ынтымақтастықтың арқасында біз үш миллионнан астам қазақстандықтың өмірін жақсы жаққа өзгерте алдық. Біздің ұжым қалалар мен ауылдарда азаматтық бастамаларды, жастар мен қариялардың бастамаларын дамытып, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетіп, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттайды. Бізге бұл жолда үкіметтік емес ұйымдардың шынайы берілген, ынталы мамандары қолдау көрсетті», - дейді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» сарапшылары.


Осылайша, жастар ұйымдарының да, қоғамдық ұйымдардың да негізгі қаржы көзі республикалық бюджет болып саналады. Бірақ краудфандинг арқылы қаражат жинайтын, сонымен қатар меценаттардан қолдау алатын мекемелер де бар. Негізінде бұл қатарда идеялары қайырымдылыққа бағытталған топтар бар.

Айта кету керек, биыл республика өңірлерінде жастардың бастамаларын қолдауға 250-ден астам шағын грант бөлінген. Байқау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» және өзге де қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп өткізетін Zhas Project аясында өткізілуде. Бұл бірегей бағдарлама қанатқақты жоба режимде Алматы, Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүзеге асырылды, қазір оған Жетісу және Ұлытау облыстары қосылды. Әрбір грант аясында нақты жобаны қаржыландыруға 1 миллион теңгеге дейін қаражат қарастырылған.

Жастарды елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық өміріне кеңінен тарту, жұмыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік осал, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жастардың бизнес-идеяларын қолдау Zhas Project-тің басты мақсаттарының бірі болып табылады.

Шағын гранттар байқауына 18 бен 29 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Жұмыссыз ретінде тіркелген жастарға да ерекше көңіл бөлінеді; жетім балалар мен мүгедектер; аз қамтылған және көп балалы отбасыларға да басымдық беріледі.

Күні кеше ғана Zhas Project жобасының Алматы мен Жетісу өңірлеріндегі қорытындысына куә болдық. Арнайы форум түрінде өткен алқалы жиынға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркен Рашидов, Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Еркен Рашидов қатысты. Сонымен қатар іс-шараға жас кәсіпкерлер, тәлімгерлер және жоба жеңімпаздары белсене атсалысты.

Шағын гранттар байқауына 18 бен 29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар тартылған болатын. Форум басталар алдында қатысушылар мен қонақтар үшін әлеуметтік жобалар аясында өндірілген тауарлар мен қызметтердің көрмесі ұйымдастырылды, онда барлығы жастардың қызметімен танысуға мүмкіндік алды, одан кейін жастар туралы деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар әлеуметтік кіші жобаларды іске асырудың жолдары, қыр-сыры назарға ұсынылды.

Жиынды ашқан Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли бұл жоба жастарды өз аймағының әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға, оларды жұмыспен қамтуға, шығармашыл ұл-қыздардың бизнес-идеяларына қолдау көрсетуге септігін тигізетінін атап өтті. Бұл, сондай-ақ стартап бастамалар үшін таптырмас мүмкіндік.

«Жалпы, жобаға қатысуға ниет білдіргендерден 682 өтініш келіп түскен. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Нәтижесінде 68 жоба жеңімпаз атанды, оның 38-і Жетісу өңірінен. Менің ойымша, Zhas Projekt – өте пайдалы, тиімді және ең бастысы өзекті жоба. Жыл сайын, тәжірибе көрсеткендей, оған қатысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді. Әсіресе, ауыл жастарының белсенділігі қуантады.


Бүгінде облысымызда жастардың жан-жақты дамуына барынша көңіл бөлініп, көптеген ауқымды жобалар іс жүзінде жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Еңбек», «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламалары, еріктілер корпусы, КТК қозғалысы, «Zhastar Innovation» инновациялық идеялар байқауы, экстремалды спорт фестивалі және басқа да шараларды атап өтуге тұрарлық. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында құрылған Жастар ресурстық орталығының жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады. Мұның барлығы біздің болашақтағы еселі табыстарымыздың негізі», – деді аймақ басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, Еркен Рашидов форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, жүзеге асырылып жатқан Zhas Project мыңдаған жас қазақстандықтарға әлеуметтік кәсіпкерлікте бағын сынауға, жаңа білім мен дағдыларды игеруге және сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік беретінін баса айтты. Жастардың тоқтап қалмай, межеленген асуларды бағындыруға талпынуын тілектестік білдірді.

Қазылар алқасының назарына ұсынылған үздік жобалардың авторларының қатарында жас ағаштарды тамырландыруға арналған «Жас ағаш» биотыңайтқышын жасау идеясын ұсынған Талдықорған политехникалық колледжінің жас оқытушысы Жігер Берліғожа да болды.

«Ұсынылып отырған «Жас ағаш» жобасы отырғызылған жас өскіндердің жалпы санынан көшеттердің 95 пайызға дейін өніп, тамыр алуына мүмкіндік береді. Мақсатымыз – Талдықорған қаласында «Жас ағаш» атта көшеттерді барынша ертерек және толықтай тамырлататын биоқондырғы жасап, қаланы көркейтуге үлес қосу. Сондай-ақ жас көшет отырғызғысы келетін облыстың 100 тұрғынына тегін көмек көрсетуге дайынбыз», – деп бөлісті жоба жеңімпазы.

Ресми бөлімнің соңында үздік жоба иелері Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ, Жетісу облысы әкімдігінің атынан алғыс хаттармен марапатталды. Бұдан кейін кәсіпкерлер мен жобаға қатысушылар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Рекомендовать
Последние новости