"Кеттің бе – қайырылма!". Президент жаңа сұхбатында Қаңтар оқиғасы мен қосарланған билік жүйесі туралы айтты

Dalanews 05 янв. 2024 13:12 885

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Егемен Қазақстан” газетіне берген көлемді сұхбаты жарияланды. Онда еліміздің ішкі және сыртқа саясаты, әлеуметтік-экономкикалық жағдайына кеңінен тоқталған.


Президент 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына өз бағасын беріп, оны қаскөй топ ұйымдастырғандығын, Назарбаевқа жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айтқандығын мәлімдеді.


Қаңтар оқиғасының басты себебі

– Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.
Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.

Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады, - деді Президент.

Мемлекетке қауіп төндірген қаскөйлердің мақсаты

- Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.
Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды.

Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті.

Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді, - деді Президент сұхбатында.

Қосарланған билік жүйесі кімге керек болды

- Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.

Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында.

Рекомендовать
Последние новости