"Кешірім сұрамауым керек еді...". Атыраулық әйел ұлтшылдардан қорлық көргенін мәлімдеді

Dalanews 24 авг. 2021 08:44 1114

Кремльдің пропаганда құралдары Қазақстанның ішкі ісіне тұмсық тығуды доғарар емес. 

Бұған Атыраудағы невролог дәрігер Эмилия Гречаниктің оқиғасы дәлел деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Гречаниктен сыр суыртпаған Russia Today тілшісі әйелдің іші-бауырына кіріп, әлдеқашан ұмыт болған дауды қайта тұтатыпты. 

Гречаник орысша сөйлегені үшін сорлағанын, қазақ ұлтшылдарынан қаймыққандықтан камераның алдында кешірім сұрауға мәжбүр болғанын, бұл әрекетке амалсыздан барғанын айтады.

Russia Today-дың айтағына ерген әйел ұлтшылдардың үстінен президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен күштік құрылымдарға арыз жазуға оқталып отыр.


“Осыдан бір жыл оған әлдекім телефон шалып, мемлекеттік тілде сайрай бастайды. Кейін оның атышулы ұлтшыл Руза Бейсенбай екені анықталады. 

Гречанка оған өз тілінде жауап қатқан. Екеуі бір-бірін жақсы түсінгенімен, сәлден соң Бейсенбай дәрігерден қазақша сөйлеуді талап етіп, оған мораль соға бастайды. Мұнымен байыз тапса бір жөн. 

Артынша оған тағы бір ұлтшыл Қуат Ахметов хабарласып, қазақ тілін кемсіткені үшін камера алдында кешірім сұрауын талап етеді”, – дейді әлгі әйелді Қазақстандағы тіл майданының құрбаны етіп көрсетуді көздеген RT.

“Қуат менің соңыма түсіп алды. Қысым көрсетті. Менің үстімнен Бас прокурорға шағым түсерін, жеке мәліметімді желіге жүктейтінін айтып, бопсалауға дейін барды”, – дейді Гречаник.

Ақорда идеологы, “атышулы” Дәурен Абаевтың түнеукүнгі мәлімдемесі мемлекеттік тілдің тұғырға қонуын қаламайтын аудиторияға тіл бітірген түрі бар. 

Бұған Кремльдің араласуы принципті түрде қазақша сөйлегісі келмейтін аудиторияның шын әлпетін әшкерелеген сыңайлы.  

Мәселен біз сөз етіп отырған кейіпкер "әуелде, кешірім сұрағым келмеп еді" дейді. 

Негізінен қазақтілді қауымның үлесі басым Атырау өңірінде тек орыс тілінде қызмет көрсетіп үйренген Гречаник қоғамның қазақтанып жатқанын қабылдай алмайтынын аңғартыпты. 

“Жұмыста орысша сөйлегенім үшін сөгіс естідім. Сыйақымды бермей, зар илетті. Қуат Ахметов меморгандарға шағым түсіргеннен кейін қудалауға ұшырадым. Бұл қазақша сөйлемейтін қауымға жасалған шабуыл. Өз басым адам алаламаймын. Тегіне, тіліне қарамай алдыма келгенге көмегімді көрсетуге тырысамын”, – деп жалған сөйлеген екен Гречаник. 

Ең қызығы…


Сырт көзге өзін жазықсыз, жәбірленуші ретінде көрсеткісі келген Гречаник мемлекеттік тіл туралы заңды өрескел бұзғанын ұмытып кетсе керек. 

Оның “қудалауға” ұшырауына “Тіл майданы” белсендісі Қуат Ахметовтің түк қатысы жоқ, қазақша сөйлеген клиенттердің кеудесінен кері итеретінін Атырау тұрғындары алғашқы боп айтқан. 


Былтырғы жылдың шілдесінде Атырау облысы, Жылыой ауданының тұрғыны облыстық Медициналық-әлеуеттік сараптаманы бақылау және методология бөлімінің басшысы  Эмилия Гречаниктің үстінен аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовке арыз жазады. 

Телефон тұтқасын көтерген осы мекеменің басшысы тұрғыннан орысша сөйлеуді талап етіп және мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтінін айтып, тұтқаны тастай салған. 


“Кейін мен қайта соққанда менімен көмекшісін тілмаш ретінде пайдалану арқылы сөйлесе батады да түскі үзіліс басталғанға дейін телефонның ар жағында жауап бермей күттіріп отырып алды. 

Мен түстен кейін тағы да осы шаруамен хабарласып, бөлім бастығының орынбасарының араласуымен ғана қызмет ала алдым.

 Мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмағаны үшін, тұтынушыдан орысша сөйлеуді талап еткені үшін және тұтқаны лақтырып дөрекілік танытқаны үшін Медициналық-әлеуеттік сараптаманы бақылау және методология бөлімінің бастығы Гречаник Эмилия Ильиничнаға әкімшілік жаза тағайындалуын талап етемін”, – деген болатын жәбірленуші Клара Кенжалиева.

Осыған байланысты Атырау облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Э.Гречаниктің теріс іс әрекетіне байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірігіп Э.Гречаниктің қатысуымен арнайы кездесу өткізіп, оған ҚР Конституциясы, тіл туралы, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларын және жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін бұзғандығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

 Нәтижесінде Э.Гречаник өз қатесін түсініп, Клара Кенжалиевадан әлеуметтік желі арқылы кешірім сұраған. 


Э.Гречаникті тәртіптік жазалауға тарту мәселесімен Мемлекеттік қызмет істер Агенттігінің жергілікті департаменті айналысатынын мәлімдеген.

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости