Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті басқармасының басшысы Шалқар Оразбеков бүгін ОКҚ-та өткен брифинг барысында кәсіпорындар 4 күндік жұмыс аптасына көшкен жағдайда не болатынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресми өкіл Еңбек кодексінде 2015 жылдан бастап жұмысшылар үшін 4 күндік жұмыс аптасын енгізуге рұқсат етілгенін айтады.
Әлеуметтік кодексте 4 күндік секілді 5 күндік және 6 күндік жұмыс күнін анықтау бойынша да дәл осындай мүмкіндіктер қарастырылған.
"Жалақы жағдайына келетін болсақ, өздеріңізге мәлім, Еңбек кодексіне сәйкес жалақы орындалған жұмыс көлеміне пропорционалды түрде төленеді. Тиісінше, егер аптадағы жұмыс күндерінің саны қысқарса, онда жалақы да осы қысқартуға сай пропорционалды түрде төленеді", - дейді спикер.
Оның айтуынша, егер жұмыс беруші жұмыс күндерінің қысқартылғанына қарамастан, 5 күндік жұмыс аптасында белгіленген жалақы мөлшерін сақтап қалуды жөн деп тапса, бұл бұзушылық болып саналмайды. Мұндай жайт жалпы Еңбек кодексіне қайшы келмейді.