Ұлытау облысында қоғам белсендісі, үш баланың анасы Әсел Айтмағанбетова әлеуметтік желідегі сыни бейнежазбалары үшін 495 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Әкімшілік іс облыс әкімдігінің бастамасымен қозғалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айтмағанбетова 2025 жылдың мамыр айында Қостанайдан Жезқазғанға қоныс аударған. Оның айтуынша, қаладағы инфрақұрылымдық ахуал мен тұрғындардың тұрмыс деңгейі күтпеген жерден теріс әсер қалдырған.
“Судың түсі лай, фильтр де көмектеспейді. Адамдар улануда, онколог маман жоқ. Қала соғыстан кейінгі күйді еске салады. Жұмыс тапшы, ал бар жұмысқа тұру үшін пара сұралады. Осы мәселелердің бәрін бейнежазбаларымда көрсеттім”, – дейді ол Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Әсіресе көпшіліктің назарын аудартқан бейнероликтердің бірі Жезқазғандағы көпсалалы облыстық аурухананың жағдайына арналған жазба болған. Осы жарияланымнан кейін, 18 маусым күні Әселді полиция департаментіне “түсіндіру жұмыстары” үшін шақырған.
Көп ұзамай, облыс әкімінің шағымынан кейін іс сотқа өтіп, сот шешімі белсендінің пайдасына емес, әкімдік пайдасына шықты. Нәтижесінде Айтмағанбетова 495 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр.
“Менің ойымша, бұл жаза шынайы проблемаларды ашық көтергенім үшін берілген жауап”, – дейді Әсел Айтмағанбетова.